Құқық қорғау органдары

Облыс орталығы мен Жұмысшы кенті арасындағы көпір қазанның 25-і тапсырылмақ

Серікбай Омаров – Петропавл станциясындағы ЖІІБ әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы

– ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 439-бабының 5 бөлімі бойынша белгіленбеген, тыйым салынған жерлерден өткен тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылады. Оларға айыппұл салынады не болмаса ескертулер жасалады. Қазіргі кезде осы көпір бойында Петропавл станциясындағы ЖІІБ әкімшілік полиция бөлімшесі қызметкерлері темір жол қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер өткізуде.

Көпірді жөндеу жұмыстары биыл шілденің бірінен басталған. Содан бері полицейлердің назарына 67 жерлесіміз ілігіп, олардың әрқайсысына әкімшілік хаттама толтырылған. Енді ол азаматтар 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті.
Қазір нысанды қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар аяқталуға таяп қалды. Көпірді жөндеумен “Александр Рязанов атындағы нөмірі 25-ші көпір тұрғызу жасағы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Олар нысанды қазан айының 25-не дейін тапсыруды жоспарлауда.

Виктор Козеннов – “Александр Рязанов атындағы №25-ші көпір тұрғызу жасағы” ЖШС инженер-құрылысшысы

– Осы күнге дейін барлық шаруаның 80 пайызын еңсердік. Көпірге шығатын көлік жолының бір жағын төседік, қазір келесі бетін асфальт құюға дайындап жатырмыз. Нысанды жөндеуге 60 жұмысшы тартылған. Ауа райы кедергі келтірмесе уақытында тапсырамыз.

Қайткен күнде де облыс орталығы мен Жұмысшы кентін байланыстыратын көпірді тапсыру күні алыс емес. Сол себепті, уақытша туындап отырған қолайсыздыққа тұрғындар түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытып, барлық ескертулерге құлақ асса жөн болар еді.

 

Бакыт Садуакасов.