МТРА жаңалықтары

Қарттарды қолдау айлығы жалғасуда

Сандуғаш Гималетдинова, “Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалының жетекші маманы.

-Қарттар күнінде біз қарияларға концерттік бағдарлама өткізгенбіз. Сонда бұл кісі өзінің өтінішін жазып кеткен. Сол өтінішін біз орындап, міне бүгін жастармен қал-жағдайын білуге келіп тұрмыз.

Ауғанбай Нұрсейітовтың балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген. Сондықтан оған 12 жасынан бастап еңбекке араласуына тура келген. Кейін жерлесіміз 1954-57 жылдары тың игеруге қатысқан. Атамыз жастық шағымда бейнетті көп көрдім, оның өзін еске алу қиын дейді. Сондықтан, көп нәрсенің басын ашып айта қоймады. Тек біз көрген қиыншылықты кейінгі толқын көрмесін деді.

Ауғанбай Нұрсейітов, тыл еңбеккері.

-Қазақ елі бүгінде ілгері басып келеді. Елде тыныштық болса екен. Патшамыз аман болсын. Кейінгі буын біз көрген қиыншылықты көрмесін деймін.

Ауғанбай Нұрсейітов – еңбек ардагері әрі тыл еңбеккері. Сондықтан оны облыс әкімдігі Ұлы жеңістің 60 және 65 жылдық мерейтойында назардан тыс қалдырмай, есіл еңбегі үшін мерекелік медалдармен марапаттаған.

Еңбек ардагері Есіл ауданынан облыс орталығына 12 жыл бұрын көшіп келген. Қазір кенже ұлының қолында тұрады. 4 ұлдан 8 немере сүйіп отыр. Ауғанбай Нұрсейітов бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да әлі тың. Кейде үйдің ішіндегі шаруаны бір өзі тындыра береді. Қазақтың салтын берік ұстанған ақсақал “Қуыс үйден құр шықпа” деп, келген қонақтарына дастархан жайып, шай берді.

 

 

Берик Касен.