Қоғам

Облыстық кәсіпкерлер палатасы тауар өндірушілерге көмектесуде

Ирина Давлетбаева – “Сүт Одағы” ЖШС зертхана бастығы.

-Бізде ағынды суларды тазарту жұмыстары механикалық түрде жүргізілген болатын. Бірақ жаңа экологиялық кодекс талаптарына сәйкес, мұндай деңгейдегі тазарту жеткіліксіз болды. Қазір біз осы бағытта “Қызылжар су” ЖШС-мен үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Бізге жаңа тазалау кешенінің жобасын жасап беретін кәсіпорын іздестірудеміз.

“Сүт Одағы” ЖШС-і мұндай жағдайға тап болған жалғыз өндіріс ошағы емес. Қазіргі таңда қосымша тазарту қызметі үшін есепшот алған 100-ден аса кәсіпорын бар. Олардың басым көпшілігі жергілікті тауар өндірушілер.

Сергей Визеров – “Қызылжар су” ЖШС бас инженері.

-Қазіргі таңда тазарту құрылғыларын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қомақты қаражат салынуда. Бұл жұмыс 2016 жылы аяқталады. 2016 жыл қалай болатынын бүгіннен бастап ойлаған жөн. Өйткені қалдықтардың артуы экологияға зиянды ықпалын тигізуде. Сол себепті де біз осы жылдан бастап шара қолданып, қосымша тазартуға кеткен шығындар үшін есепшоттар қоя бастадық.

Алайда, жергілікті кәсіпорындар бұндай шығындарды көтеруге дайын еместіктерін айтуда. Сол себепті де олар мәселені шешу үшін СҚО кәсіпкерлер палатасына жүгінген.

Жеңіс Казиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының заңдық сұрақтары жөніндегі орынбасары.

-Бұл сұрақтардың шешімін табу үшін дөңгелек үстел ұйымдастыру ұйғарылды. Онда біз туындаған мәселелерді талқылап, 2015 жылға дейін ешбір кәсіпорынға аталмыш есепшот жіберілмейтінін шештік. Дегенмен, бұл шаруа уақытша тоқтатылды.

Егер жергілікті тауар өндірушілер аталған мерзімге дейін ағынды суларды тазалау құрылғыларын жаңғыртса, онда олардың есепшоттары жойылады. Бүгінде әр өндіріс ошағының өкілдері “Қызылжар су” ЖШС-нен қосымша кеңестер алды. Енді мұндай шаралар әр бейсенбі сайын ұйымдастырылып отырылмақ.

 

 

Риат Шони.