Спорт

Теріскейлік жеңіл атлет Түмен қаласындағы жартылай марафонда жеңіске жетті

Олег Сысолятин – жеңіл атлетикадан спорт шебері.

-Бұл халықаралық чемпионатқа 300-ден астам спортшы қатысқан болатын. 12 айналымды жүгіріп өту оңайға соқты деп айта алмаймын. Дегенмен жарысқа дайындығым жоғары деңгейде болғандықтан, өзімнің жеңіске жететініме сенімді болдым. Соңғы айналымда біраз ентігіп, артта қалып қойдым. Бірақ бар күш-жігерімді жинап, мәре сызығын алғашқы болып кестім.

Жеңіл атлет мүгедектігіне қарамастан, екі күнде бір рет 30 шақырымдық қашықтықты жүгіріп отырады. Жерлесіміз алғаш рет 1984 жылы Омбы қаласындағы мүгедектер арасында ұйымдастырылған марфонға қатысып, жүлделі орыннан көрінсе керек. Кейіннен бірте-бірте осы спорт түрін мықтап қолға алыпты. Нәтижелері де жаман емес, егде спортшы – ресейлік жарыстарға жиі шақырту алып тұрады.

Олег Сысолятин – жеңіл атлетикадан спорт шебері.

-Әрине, әр спорт түрінің өзінің қиындығы бар. Бірақ та екінің бірі мұндай қиындықтарға төтеп бере алмайды. Мен жартылай марафонға қатысқан алғашқы жарыстарда жеңімпаз атансам да, күнделікті жаттығуларымды бірқалыпты орындап отырамын. Ал бұл әр марафоншының қолынан келе бермейтін іс. Жеңіске тек еңбектің арқасында ғана қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық жеңіл атлетке қазанның 18-де Ресей Федерациясының Урал қаласында өтетін чемпионатқа шақыру қағазы жолданыпты. Қазір жерлесіміз сол жарысқа қызу дайындық үстінде.

 

 

Бакыт Садуакасов.