Денсаулық сақтау

Жүрегінде ақауы бар солтүстікқазақстандық балғындарға ота жасалды

Бибігүл Нұрғалиева – Ділнәз Нұрғалиеваның анасы.

-Біз Облыстық балалар ауруханасына неврология бөліміне келген болатынбыз. Онда тексерілгеннен кейін дәрігер қызымның жүрегінде шу бар деп, бізді кардиологқа қаралуға жіберді. Кейін жүректегі ақау расталып, қыркүйектің 26-ында Петропавлға Астанадан дәрігерлер келетінін айтты. Енді міне мамандар отаны сәтті жасап, қызымды емдеп берді. Барлығына алғысымды айтамын.

Тәжірибе алмасуға келген елордалық дәрігерлер бұл жолы 200-ге жуық баланы қарап, 4-не ота жасапты. Тағы 14 жасөспірім Астана қаласындағы орталыққа аттанды. Ал жалпы ақ халатты абзал жандар жыл басынан 9 теріскейлік балақайға тегін ота жасаған. Былтыр олар 14 жерлесімізге жаңа өмір сыйлаған.

Нұрлан Айманов – Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

-3 күннің ішінде 4 ота жасалған. Барлық төрт операция сәтті өтіпті. Оның ішінде бір бала бір жасқа толған, екіншісі 1,5 жаста, тағы біреуі 1 жас 2 айда болса төртінші бала 11 жаста. Қазір барлығы сәтті отадан кейін ата-аналарының қасында жүр.

Жалпы операцияға 2-3 сағат уақыт кетеді. Ота кезінде дәрігерлер жүректі 30-40 минутқа тоқтатып, ақауды ретке келтіргенше, жасанды қанайналымы жұмыс істейді.

Виктория Долгополова – Облыстық балалар ауруханасы кардиология бөлімінің меңгерушісі.

 

-Жасөспірімдердің арасында жүрек ақауы жиі кездеседі. Сондықтан, егер балада демікпе байқалса, аз салмақ қосса, дамуы жағынан артта қалып келе жатса міндетті түрде педиатрға қаратқан жөн. Дәрігер баланың жүрегін тыңдап, жүрек ақауына байланысты күдік тудыратын бір нәрсе естісе, кардиологқа жолдама береді. Ал кардиолог ары қарай өзі тексеріп, ем шараларын қолданады.

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері өңірімізге қараша айында тағы келіп, 3 балаға ота жасамақ.

Риат Шони.