Спорт

Солтүстікқазақстандық жеңіл атлет жазғы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынды

Петр Литвиненко – Маргарита Мұқашеваның бапкері.

-Жеңіл атлетикамен айналысатын спортшыларды осы жарыс алдында біраз сынаған болатын. Оны жарысқа шықпас бұрын 10 мәрте тексертуден өткізіпті. Арнайы комиссия жеңіл атлеттіміздің денсаулығын бақылап, ас мәзірін – үнемі назарда ұстады. Мұндай тексерулерге әр спортшының жүйкесі шыдамайтыны анық.

Көп ұзамай темір жол вокзалына жерлесіміз мінген жүрдек пойыз келіп тоқтады. Маргарита Мұқашеваны бірінші кезекте облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есенелин қол жеткізген жеңісімен құттықтады. Спортшының жазғы Азия ойындарындағы жеңісі оңайға соқпаған сыңайлы. Десе де ол 800 метрлік қашықтықты 1 минут 59 секундта жүгіріп өтіп, осылайша Азия ойындарының рекордын жаңартып отыр. Бұған дейін бұл уақытты ешбір әлемдік жеңіл атлет жүгіріп өтпесе керек.

Маргарита Мұқашева – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы.

-800 метрлік қашықтықты жүгіріп өту мен үшін қиынға соққан жоқ. Ал жарысқа дайындық біраз жүйкемді жұқартып жіберді. Дайындық кезінде жарақат та алған кездерім болды. Алайда ол күндер артта қалды. Бұл қашықтықта мен алтын алқа тағынсам, екінші орынды Үндістан елінің спортшысы, ал үздік үштікті қытайлық жеңіл атлет тұйықтады. Бұл спортшылардың барлығын бұрыннан білемін.

Айта кету керек, жазғы Азия ойындарына 45 елдің мықты спортшылары тартысқа түскен еді. Ел құрамасында 420 атлет өнер көрсетсе, соның ішінде солтүстікқазақстандық спортшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізе білді. Ел қоржынына алтын салған Маргарита Мұқашевадан бөлек, велосипедші Алексей Луценко да үздіктер қатарынан көрінді. Ал Ирина Эктова секіруден қола медалға ие болған. Ендігі кезекте, жазғы Азия ойындарында алтын алқа тағынған жеңіл атлет Маргарита Мұқашева біраз демалып, алдағы жарыстарға дайындалмақ.

 

 

Бакыт Садуакасов.