Спорт

“Қызыл-Жар СК” командасы өз алаңында жеңіліс тапты

Қазір жерлестеріміз турнирдің көшбасшысынан тоғыз ұпай артта қалып келеді. Жетінші орында тұрған алаң иелеріне бұл жеңіс үздік бестікке ілігу үшін керек болса, қонақтарға үш ұпай бірінші орында нық қалу үшін қажет. Солтүстік аймақта орналасқан көршілес қалалардың арасындағы бұл дерби тартысты ойынға ұласу керек. Сол себепті де қолайсыз ауа райына қарамастан, екі құраманың жанкүйерлері көптеп жиналды.

Алғашқы минуттардан бастап көкшетаулық футболшылар жиі шабуылдап, ойын тізгінін өз қолдарында ұстап тұрды. Бірнеше өткір шабуылдар Владимир Никлевич қорғаған қақпаның маңынан табылды. Алайда Серік Досманбетов бастаған қорғаушы жігіттер қонақтардың нәтижелі шабуылдарына жол берген жоқ. Турнир көшбасшысының мұндай прессингтерінен жерлестеріміз жасқанған жоқ. «Қызыл-Жар СК» командасының футболшылары да қарымта шабуылдармен жауап қайтарып отырды. Бірақ қонақтардың да қорғаушылары осалдық танытпады. Қос команда кезегімен бір-бірінің қақпаларына гол сала алмай әлек болды. Жасыл алаңда ойын қыза түскенмен, тәртіп бұзушылықтар да жиі орын алып отырды. Бірақ төрешінің шешімдері Петропавлдық спортшылардың пайдасына емес.

Бірінші таймның соңына таман аяқ доп шеберлері біршама шаршағандықтан, жасыл алаңда жылдамдық бәсеңдеп, қауіпті сәттер де азайды.

Сонымен, он бес минуттық үзіліске қос команда ойыншылары есеп аша алмай тарасты.

Екінші тайм басталысымен қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бапкердің берген кеңестерімен тактикалық шабуылдар жасап, соққылар да бағыттады. Алайда Никлевичтің қақпасынан саңылау табылған жоқ. Жерлес аяқдоп шеберлері қарымта шабуылдарымен нәтижеге қол жеткізуге таяу қалған еді. Алайда Ярослав Багинский қателікке бой алдырған жоқ.

Кездесудің аяқталуына бес минут қалғанда көкшетаулықтар қажетті ұпайларға қол жеткізді. Ойынның сексен бесінші минутында жартылай қорғаушы Александр Ульшин жиырма метрден соққы бағыттап, мергендік танытты. Кездесу қонақтардың пайдасына 0-1 мен аяқталды.

Андрей Ферапонтов – «Оқжетпес» футбол клубының бас бапкері.

-Біз бұл кездесуде қалайда болса жеңіске жетеміз деген мақсатпен келдік. Әдейі тактикалардыда ауыстырдық. Кей жерде жолымыз болса, кей жерде ойыншылардың шеберлігі байқалды. Қарсыластарымызда 2 өте қауіпті қарымта шабуылдары болды. Алайда біздің жігіттер осалдық танытқан жоқ. Енді 5 кездесуіміз қалды, премьер-лигаға шығуға төтеп беретін қарсыластарымыз әлі алда.

«Қарасай» стадионындағы келесі ойын қазанның он тоғызы күні өтеді. Онда жергілікті «Қызыл-Жар СК» командасы елордалық «Астана-1964» қабылдайды.

 

 

 

Риат Шони.