Билік

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп атап көрсетті. Білім мен тәрбиенің, өсиет пен өнегенің өзегі – педагогтар. Білікті де білімді ұстаздардың тынбай ізденуінің арқасында «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» оқушылар саны облысымызда өсіп келеді. Бұл – сіздердің ерең еңбектеріңіз. Ел келешегі үшін жасап жатқан қызметтеріңізге үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні сіздерді төл мереке – Ұстаздар күнімен құттықтай отыра, осы жолда баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, бәсекеге қабілетті азаматтарды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңізге қажырлық тілеймін.

Шара барысында Ерік Сұлтанов көпжылдық адал еңбегімен ерекшеленіп, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздарды марапаттады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына өңіріміздің таңдаулы 18 мұғалімі ие болды. Сондай жандардың бірі – Ақжар ауданына қарасты Үлгілі орта мектебінің математика пәні мұғалімі Сапарғали Оспанов. Бүгінде ұлағатты ұстаздың шәкірттері “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білімдерін жалғастыруда.

Сапарғали Оспанов – Үлгілі орта мектебінің мұғалімі, Ақжар ауданы.

-Бүгін – мен үшін бақытты күн. Себебі, жұмыстың жемісін көріп, еңбегім бағаланып, облыс әкімінің грамотасымен марапатталып отырмын. Білім беру саласында 35 жыл еңбек етіп, тәлімгерлік ретінде жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетемін. Ауылда тұрсақ та жаңа технологияларды қолданамыз да енгіземіз.

Ал «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісі Айыртау ауданындағы Дәуқара орат мектебінің мұғалімі Қасым Нұрғалиевке табысталды. Оның білім саласында еңбек етіп жүргеніне 23 жылдан асқан.

Қасым Нұрғалиев – Дәуқара орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы.

-Біраз нәтижелерге қол жеткіздік оқушылардың арқасында. Сондықтан, еңбегімді бағалаған осы басшыларға мың да бір рахметімді айтамын. Жастарды жаңа заманға лайықтап, бәсеке қабілетті етіп дайындау – ұстаздардың қасиетті борышы. Сол борышты атқарып жүрген өзімді бақытты санаймын. Барлық әріптестерімді осы ұстаздар күнімен шын шүректен құттықтаймын.

Сондай-ақ, бірнеше азамат Білім және ғылым министрлігінің марапатын иеленді. Тағы 12 педагогқа шипажайлық-курорттық емделуге сертификат табысталды. Ал білім саласына қаржылай көмек көрсетіп келген «Прометей -Агро» ЖШС директоры Юрий Шоль мен «Дайындық» серіктестігінің басшысы Біржан Шаймерденовқа 2014 жылдың меценанты атағы берілді. Жиын соңында ұстаздар мен білім саласының ардагерлеріне арналған меркелік концерт ұсынылды.

 

 

Самат Джакупов.