Әр түрлі

Владислав Демьяновтың зағиптарға арналған компьютері облыстық байқауда жеңімпаз атанды

Владислав Демьянов- жоба жетекшісі.

-Мен бұл бағдарламаны қажеттілік туындағандықтан жасадым. Өйткені компьютер ақпарат алмасып, бәсекеге қабілетті болу үшін қажет техника. Сондықтан оның тілін меңгеру маңызды. Ал зағип жандар үшін ол мүмкін емес. Сол себепті қарапайым компьютер олардың мүмкіндіктеріне лайықталып жасалады. Бізде курстарда әр адаммен жеке жұмыс жасалады. Онда американдық бағдарламалар орнатылған.

Бүгінге дейін мүгедектерді оңалту орталығында аталмыш техниканың тілін 350-ге жуық солтүстікқазақстандық меңгерген. Жұпар Абраева бұл курстарға бір айдан астам уақыт бойы келіп жүр. Сабақтар 1-1,5 сағат өтеді. 2007 жылдан бері көру мүмкіндігі нашарлаған нәзік жанды осы аралықта біраз нәрсені үйренген.

Жұпар Абраева.

-Мен қазір жазып, құжаттарды жасай аламын. Музыка қойып, флешкаға ақпараттарды көшіремін. Аз ғана уақыттың ішінде біраз нәрсені ұғып алдым. Ендігі мақсатым – осы бағдарлама арқылы интернетке кіріп, әлеуметтік желілерде байланыс жасауға машықтану.

Владислав Демьянов ендігі кезекте осындай бағдарламаларды ұялы телефон мен планшеттерге орнатуды көздеп отыр. Ал әзірге ол «үздік әлеуметтік жобалар» байқауының республикалық кезеңіне дайындалуда. Айта кету керек, сайыстың облыстық деңгейіне 15 адам қатысқан.

Лариса Шереметьева- СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.

-Барлық жобалар мүмкіндігі шектеулі жандардың ортаға бейімделуін жақсартуға бағытталды. Онда көптеген тың идеялар ұсынылды. Алайда Владислав Демьяновтың ұсынған жұмысы үздік деп танылды.

Бүгінгі таңда өңірімізде 1000-нан астам зағип жан бар. Олар осы компьютерлік курстарға ерекше қызығушылықпен келеді.

 

 

Магжан Ахмадина.