Білім

Өзін-өзі тану пәні мұғалімдеріне арналған облыстық семинар-коучинг өтті

Бұл пән – қоршаған әлемді қорғап, сақтай алатын, әртүрлі елдердің мәдениетін және өмірлік тәжірибесіне құрмет көрсететін өскелең ұрпақты тәрбиелеп келген. Ал 2013 жылы оған бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Өзін-өзі тану пәнінің жаңартылған бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Тұлғаның рухани-адамгершілік дамуының өзекті мәселелері» тақырыбында облыстық семинар-коучинг ұйымдастырылды.

Сандуғаш Байкенова – «СҚО бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының» «Өзін-өзі тану» пәнінің тренері.

-Осы жұмыстың ең негізгі мақсаты «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің жаңартылған бағдарламасын жүзеге асырудағы тәжірибені тарату. Бүгінгі семинарымызға «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының қызметкерлері қатысып отыр. Сонымен қатар СҚО Білім беру басқармасының бас маманы, Петропавл қаласы Білім бөлімінің әдіскері қатысуда. Сонымен қатар Астана қаласы және де Ақмола облысының біліктілігін арттыру институтының» «Өзін-өзі тану» пәнінің тренері қатысқалы отыр. Және де әр аудандардан мұғалімдер қатысады.

Жалпы семинарда жаңартылған бағдарлама бойынша «Шеберлік сыныптар» ұйымдастырылып, «Өзін-өзі тану» пәнін басқа пәндермен ықпалдастырып оқыту сабақтары қарастырылған. Сондай-ақ, ұстаздар аталған пәнді оқытудың жаңа әдістерін қолдану бойынша тәжірибелерімен бөліседі. Ақмола облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктігін арттыру институтының аға оқытушысы Әсем Абраимова 2010 жылы енгізілген бұл пән бұрындары көңіл-көтеретін сабақ түрінде ұйымдастырылғанын айтады.

Әсем Абдраимова – «Ақмола облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының» аға оқытушысы, «Өзін-өзі тану» пәнінің тренері.

-Жүргізілген сабақтар шоу сабақтарға ұқсап кетті. Ойын ойын үшін, ән ән үшін ғана. Ешқандай құндылықты мағынасы терең ашылмады. Сондықтан да бұл бағдарламаны сәл жаңартып, сабақтың құрылымы өзгертіліп, мұғалімдерге қайта ұсынылып отыр. Бұның маңыздылығы бір пән ретінде ғана өткізілмеу керек, бұл осы рухани адамгершілік тәрбиені барлық пәндерге, барлық балабақшалардың мерзімдік кезеңдеріне ықпалдастыра білу. Яғни, жеке физика, биология, қазақ тілі пәні деп бөлмей барлық мұғалім осы ықпалдастыру шеберлігіне үйренсе деген мақсат.

Аталған шараға әр ауданнан 65 ағартушы-ұстаз қатысуда. Семинар-коучингтің қорытындысы бойынша «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерінен құралған кәсіби бірлестікті құру жоспарланған.

 

 

Риат Шони.