Ауыл шаруашылығы

Мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар, теріскей төсін түлете түспек

Әлпеш Урозалинова – жеке кәсіпкер.

-Ірі қаралардың барлығы етті бағыттағы мал. Оларды тамыз айында Қызылжар ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен сатып алдым. Қазір міне, малдарым жайылымда жүр. Оларға арнап жеке қаражатыма арнайы ғимарат тұрғызып жатырмын. Қысқа жем азық дайындап қойдым. Бір қуантарлығы – мемлекет берген несиені 10 жыл ішінде қайтарамын.

Шілде айының соңынан елімізде «Құлан» бағдарламасы да жүзеге асырыла бастады. Жылқы шаруашылығын дамытуға арналған жобаның іске қосылғанына аз ғана уақыт өтсе де, қамбар ата төлдерін ұстауға ынталы шаруалар күн санап артып келеді. Айта кету керек, бұл бағдарлама бойынша берілетін несиенің ставкасы – 14 пайыз. Оның жартысын мемлекет төлейді. Аграрлық несие корпорациясындағылар бүгінде облыста 5 азаматтың өтінішін қабылдаған.

Дмитрий Шледевиц – СҚО бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бас маманы.

-Қазір ауыл азаматтарының басым бөлігі «Құлан» бағдарламасына қызығушылық танытып отыр. Мәселен, шілде айынан бастау алған жобаға бюджеттен 105 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Небәрі екі айдың ішінде 24 өтініш келіп түсті. Кәсіпкерлердің басым бөлігі Ғабит Мүсірепов, Айыртау және Мағжан Жұмабаев аудандарының тұрғындары.

Ал асыл тұқымды қой санын арттыруға арналған «Алтын асық» бағдарламасына Ақжар, Тайынша және Шал ақын аудандарының азаматтары белсенді қатысуда.

Дмитрий Шледевиц – СҚО бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бас маманы.

-Аталған бағдарлама бойынша биыл өңірге 6000-ға жуық қой сатып алу мақсаты тұр. Ол үшін 125 миллион теңге қарастырылды. Қазір бұл бағытта облыс бойынша бізге 24 азаматтан өтініш түсті.

Мал шаруашылығын дамыту – ұлттық жоба. Оны іске асыру елімізде кешенді түрде жүргізілетін болады.

 

 

 

Самат Джакупов.