Білім

“Дипломмен ауылға” бағдарламасымен жұмысқа тұрған жас мамандар

Екатерина Шиворногова, Якорь орта мектебінің логопед-дефектологы.

-Мен бала кезден мұғалім болуды армандадым. Сондықтан ұстаздық мамандығын меңгердім. Ауылда өскендіктен, селоға жұмысқа орналастым. Қазір көтерме ақы алсам деймін. Әзірше пәтер жалдап тұрып жатырмын.

Жас маман тілінде ақауы бар балалармен жұмыс істейді. Сабағында көптеген тәсілдерді қолдануға тырысады. Ол оқушылармен топпен және жеке жұмыс жасайды. Қызметіне кіріскеніне көп бола қоймаса да жас мұғалім оқушылардың сүйікті ұстазына айналған.

Тимур Мурзахметов, оқушы.

-Мен 4-ші сыныпта оқимын. Тілім “р” әріпіне келмегендіктен логопедке барамын. Мұғалімнің сабағы өте ұнайды. Біз көптеген жаттығулар жасаймыз.

Ағымдағы жылы бұл білім ошағына “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша 5 жас маман жұмысқа орналасқан.

Лариса Пустовалова, Якорь орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

-Жұмысқа келгендердің дені біздің түлектер. Олар екі қолға бір күрек тапқан соң, пәтермен проблема болса, үй жағынан көмектесуге тырысамыз. Жас мұғалімдерге барынша көмек қолын созамыз. Және айта кету керек біздің мектептің түлектері қазір еліміздің түкпір-түкпірі мен шет мемлекеттерде табысты еңбек етіп жүр.

Мұнда бүгінгі күні 300-ден астам оқушы білім алуда. Оның арасында көрші ауылдан келіп оқитын балалар да бар. Мектепте интернат пен шағын орталық та жұмыс істейді. 50 бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылса, алыстан келіп оқитын тағы осыншасы интернатта тұрады.

 

 

Бану Ахметова.