МТРА жаңалықтары

Алексей Сегеда қарттар мен мүгедектерге көмек айлығында сыйға ие болды

Көнекөз қария орман шаруашылығы саласына 1972 жылы келіпті. Туғанынан мүгедек болса да еңбекке араласуды жөн санаған. Бір аяғы кем жан шарушылықта отын аралағыш құралдарды тасып, кішігірім жұмыстармен қатар ауыр шаруаны да тындырған. Осы салаға өмірінің 26 жылын арнаған. Алайда кейін аяғы сыр берген соң жерлесіміз 1998 жылы зейнетке кетеді. Соңғы 5 жыл көлемінде мүлдем жүруден қалған ақсақал үшін бүгінгі сыйлық оның далада еркін серуендеуіне мүмкіндік бермек.

Алексей Сегеда – зейнеткер.

-Мен өзім еңбек сүйетін жан болғам. Зейнетке шыққаннан кейін барлық ауруларым басталды. Оған себеп – жастайымнан күшіме сай емес ауыр жұмыстарды атқарғаным болды. Қазір міне тек қана үйдің ішінде балдаққа сүйеніп жүремін. Аяғым ауырсынып дамыл бермей келеді. Енді мына арбамен далада емін-еркін серуендеуіме болады. Сіздерге алғысым шексіз.

Алексей Юфимович еңбек еткен “Соколовское орман шаруашылығы” мемлекеттік мекемесі қызметкерлері мен басшылығы да зейнеткерді ұмытпай, жиі қонаққа келіп тұрамыз дейді.

Владимир Пеганов – “Соколовское орман шаруашылығы” мемлекеттік мекемесінің директоры.

-Жалпы біздің орман шаруашылығында жұмыс істеген ардагерлердің ішінде осы Алексей Юфимович қана қалды. Тағы құрметті демалысқа шықса да, еңбектеніп жүрген зейнеткерлердің саны 26-ы. Біз ардагерімізді ұмытпай еске алып, жиі келіп тұрамыз. Бүгін міне қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында арба сыйладық. Әлі алда да қарияның хал-жағдайын білуге келіп тұрамыз.

Енді жерлесіміз жаңа арбасымен далада емін-еркін жүріп-тұруы үшін селолық округтің әкімінен жолдың жөнделуін өтінді. Округ басшысы бұл істі де уақыт созбай тындыруға уәде берді. Жалпы бұл күндері қарт жандарға көмек көрсету – бірінші орында.

Марат Жоламанов – Бугровское селолық округінің әкімі.

-Бугровское селолық округіне 5 ауыл кіреді. Мұнда 147 зейнеткер мен 25 мүгедек тұрады. Оның екеуі бала. Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында ешкім назардан тыс қалмайды. Біз барлық үйге кіріп, көмек көрсетеміз.

Бұдан бөлек Алексей Юфимовичке округ басшылығы мен орман шаруашылығының ұжымы үйдегі жұмыстарын тындыруға да қол ұштарын тигізеді.

 

 

 

Риат Шони.