МТРА жаңалықтары

«Құрылыс Сервис СК» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды

Александр Марлагин- «Құрылыс Сервис СК» ЖШС директоры.

-Бірінші жыл қатыстық. Нәтиже жаман емес. «Халыққа қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында жеңімпаз болдық. Енді республикаға барамыз. Онда да еңбегіміз еленіп қайтамыз деген ой басым. Жалпы біздің компанияның басты мақсаты -сапалы құрылыс жұмыстарын жүргізу. Сондықтан әлі де болса, өңіріміздің, жалпы еліміздің дамуына үлес қоспақпыз.

Компания өткен жылдың қараша айынан бастап Мамлютка қаласында 300 орынға шақталған мектеп құрылысын бастапты. Бүгіндері оқу орнының бірінші қабаты қаланып, екіншісі көтеріліп жатыр. Су құбылары мен қазандық, электр энергиясымен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Оқу ордасының құрылысына республикалық бюджеттен 740 млн теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі күні мұндағы шаруалар 50 пайызға тындырылған. Білім ошағының құрылысына 60 адам жұмылдырылыпты. Солардың бірі – Тілеужан Идрисов. Ол аталмыш серіктестікте 2 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Тілеужан Идрисов- «Құрылыс Сервис СК» ЖШС сылақшысы.

-Таңнан кешке дейін еңбектенеміз. Уақытылы аяқтауға тырысамыз. Жалақы уақытылы төленеді.

Бұдан өзге серіктестік пластикалық терезелерді жасаумен айналысады. 6 жыл бұрын мұнда германдық технология бойынша жұмыс жүргізуді бастапты. 6 адам тұрақты еңбекпен қамтылды. Цехта түріктің заманауи қондырғылары орнатылған. Олар айына 550 шаршы метр өнім шығарады екен.

Денис Гогин- «Құрылыс Сервис СК» ЖШС құрастырушысы.

-Әрбір процедурадан кейін өнімдер жеке-жеке өңделеді. Жасалған кез келген нәрсе тексеріледі. Сондықтан, терезе ауа, су өткізбейді. Терезенің қозғалтқыш бөлшектерінің әр бірі маймен өңделеді.

Кәсіпорын Мамлюткада тағы 18 пәтерлі 2 қабатты үйдің құрылысын жүргізуде. Оған 147 млн. теңге қаржы бағытталған. Баспана қазан айында халықтың игілігіне тапсырылады деп жоспарланып отыр.

 

 

Магжан Ахмадина.