Өнеркәсіп

Петропавлда мұнай бұрғылау құрылғыларын жөндейтін қондырғының тұсау кесер рәсімі өтті

Сергей Лисицин – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас құрастырушысы.

-Қазақстанда бұл агрегатқа ұқсас техника жоқ. Қосалқы бөлшектерін елімізден және Ресей Федерациясынан сатып алуға тура келді. Жинақтау жұмыстары аса қиынға соқты деп айта алмаймын. Қондырғыны басқару әдістері де қарапайым келеді.

Айта кету керек, мұндай техника Қазақстан бойынша алғаш рет Петропавлда жасалып шығарылды. Зауыт басшысы Қуаныш Бишімов қондырғыға сұраныс артып отырғандығын айтуда. Жақын күндері алып агрегаттың алғашқы легі иелерін таппақ.

Қуаныш Бишімов – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры.

-Бұл машина бұрынғыларға қарағанда артық. Өйткені, ол 100 тоннаға дейінгі салмақты көтереді. Бұрын біздің линейкамыз 40-80 тоннаға дейін баратын. Сондықтан бүгінгі күні бұрғылау қондырғыларын жөндеу үшін, осындай ауыр машиналар керек болып тұр. Техника, технология жағынан мұнайшылардың талаптарына сай келіп тұр.

Бүгінгі күні зауытта 1300-ге жуық жерлесіміз еңбек етеді. Биыл кәсіпорын 7,5 миллиард теңгенің тапсырысын орындауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Қондырғының тұсау кесер рәсімінің соңында қызметте ерекше көзге түскен бір топ азамат марапатқа ие болды.

 

 

 

Самат Джакупов.