Қоғам

“Единство” ЖШС “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесінің облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды

Мұндағы қызметкерлер таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 86 мың теңгені құрайды. Талғат Түгінбаев аталған серіктестікте соңғы 10 жылдан бері еңбек етеді. Қызметім ауыр әрі жауапты, бірақ көңілімнен шығады дейді ол.

Талғат Түгінбаев, “Единство” ЖШС жұмысшысы.

-Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақыны уақтылы береді. Жаңа құрылғылардың арқасында жұмысымыз жеңілдеді.

Бәсекеге қабілетті болу үшін сапалы өнім шығарып, тауардың түрлерін көбейту маңызды. Бұны “Единство” серіктестігінің ұжымы жақсы түсінеді. Сондықтан да кәсіпорын басшылығы зауытты қайта жаңғыртуға мемлекеттің қолдауымен 1,5 млрд теңге жұмсаған. Осы орайда, серіктестік биыл “Қазақстанның үздік тауары” аймақтың конкурсына қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Дайын темір-бетон өнімдерін шығаратын серіктестікті “өндірістік мақсаттағы тауар” аталымы бойынша үздік деп танылған. Зауыттағылар алдағы уақытта республикалық байқауда да осындай көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отыр.

Әлібек Сағадиев, “Единство” ЖШС өндіріс бойынша директордың орынбасары.

-Бірі испандық, екіншісі итальяндық желілер өнімдерді тез әрі сапалы дайындауға мүмкіндік береді. Көп функционалдық станоктардың арқасында алдағы уақытта өнімдеріміздің түрлерін көбейтіп, ел көлемінде өтетін байқауларға қатысатын боламыз.

Серіктестікте бүгінгі таңда темір-бетонның 200 түрі шығарылады. Әзірге тауарларын ел нарығында ғана саудалайды. Серіктестіктің алдағы жылға жасаған жоспарлары ауқымды.

Әлібек Сағадиев, “Единство” ЖШС өндіріс бойынша директордың орынбасары.

-2015 жылы осы жұмыстарды жалғастырмақ ниетіміз бар. Сондай-ақ, үй салуға қажетті 3 қабатты панель жасайтын боламыз. Жоспарларымыздың нәтижесін алдағы уақытта көретін боласыздар.

Серіктестік ағымдағы жылы 106 млн теңгенің өнімін саудалаған.

 

 

Бану Ахметова.