Құқық қорғау органдары

Петропавлда пәтер тонаған екі қала тұрғыны құрықталды

Наталья Милешина – Петропавл қаласы ІІБ 2 полиция бөлімінің аға тергеушісі.

-Материалдық шығынның сомасы 85 мыңнан 850 мың теңгеге дейін жетті. Кезекті үй мүлкін тонау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізгенде, Петропавл қаласының екі тұрғыны ұсталды.

Құрықталған азаматтар – нашақорлар, есепте тұрады. Ұрылар қаланың орталығындағы пәтерлерді ғана тонағандарын айтуда. Ең әуелі пысықайлар подъезға кіріп, барлық үйлердің есіктеріне қоңырау шалады. Егерде ешкім ашпаса газды кілтпен құлыпты бұзып,үй ішін босатқан. Ұрланған заттарын қаладағы базарларда төмен бағамен саудаға салған. Ұрылар барлығы 4 пәтердің ішін босатып, тағы 2-нде арам ойларын іске асырмақ болған. Қазіргі уақытта ұрылар тергеу изоляторында. Тәртіп сақшылары солтүстікқазақстандықтарды мұқият болуларын ескертеді.

Мадиар Қанашев – Петропавл қаласы ІІБ 2 полиция бөлімінің жедел уәкілі.

-Петропавл тұрғындарына айтарым үй есіктерінің құлыптарының берік орнатылғанын жіті қадағалаулары қажет. Көбіне қылмыскерлер қытай өндірісінің құлыптарын оңайлықпен бұзады.

Тәртіп сақшыларының мәліметі бойынша жыл басынан облыста 1186 пәтер ұрлау фактісі анықталыпты. Оның шамамен 70 пайызы ашылған. 8 айдың ішінде облыс орталығында 560 пәтер тонау фактісі тіркелсе, оның жартысы ашылған.

 

 

Риат Шони.