Спорт

Оқушылар арасында шағын футболдан жарыс өтті

Жас аяқ доп шеберлері кездесуге жақсы дайындықпен келген, олар тек жеңістен дәмелі.

Даниил Лагутин – Петропавл қаласының №1 гимназиясының оқушысы.

-Бірінші ойында Көкшетау қаласының құрамасымен кездесеміз. Дайындығымыз жақсы болғандықтан, сайыстан күтетінім тек жеңіс қана.

Жерлесіміздің үміті еш кетпеді. Кездесу Петропавлдық 1-гимназияның пайдасына 1-0 есебімен аяқталды. Былтырғы тартыста аталмыш білім ошағының құрамасы екінші орынды еншілеген болатын. Ал бұл жолы олардың кубоктан дәмесі бар.

Александр Швыдко – Петропавл қаласы № 1 гимназияның дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.

-Германия елшісінің кубогына екінші жыл қатарынан ат салысудамыз. Бұл жолы дайындықты бірінші қыркүйектен бастап кеттік. Уақыттың аздығына, ауа райының қолайсыздығына қарамастан оқушылар біраз жаттығып, шеберліктерін шыңдады.

Десе де, ойынның қорытындысы бойынша қалалық бірінші гимназия өкілдері биыл да екінші орыннан ғана көріне алды. Бірінші орын мықты ойын көрсеткен Корнеев мектебінің құрамасына бұйырды. Ал үздіктер үштігін Ақмолалық Таңдау мектебі қорытындылады. Жеңімпаздарды Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херц марапаттады. Мейман бұл шараның келер жылы да жалғасын табатынын айтады. Ал алдағы күндері шағын футболдан осындай кубоктар Астана мен Павлодар қалаларында да ұйымдастырылмақ.

Риат Шони.