МТРА жаңалықтары

«Атриум СК» ЖШС «Қазақсанның үздік тауары» көрме- байқауының республикалық кезеңіне дайындалып жатыр

Зарина Құсайынова- «Атриум СК» ЖШС инженері.

-Біз негізінен алюминий құрылымдары және фасадтық жүйелерді жасаймыз. Олар біздің ауа-райына шыдас береді. Суыққа да төзімді келеді. Өйткені, сапаға көп көңіл бөлеміз. Тың жобаларды қолданып, жақсы материалдар жасауға тырысамыз. Халықаралық стандарттарға сай өнім шығарудамыз.

Кәсіпорынның 14 жылдық тарихы бар. Алғашында терезе мен есік шығарудан бастаған серіктестік цехтарында, бүгіндері күрделі өнімдер дайындалады. Ол компанияның материалдық техникалық базасының жаңартылуының арқасында мүмкін болған. Мына гидроабразивтік кесу қондырғысы зауытта екі жыл бұрын орналыпты. Әзірге мұндай құрал теріскейдің бірде-бір кәсіпорнында жоқ. Қытайдан жеткізілген бұл құрылғылардың тілін меңгеру үшін 13 жылдық жұмыс өтілі бар Алексей Васильев аспан асты еліне арнайы оқуға барып келген.

Алексей Васильев- «Атриум СК» ЖШС шебері.

-Ол жерде бұл құрылғының түр-түрі дайындалатындықтан, аталмыш сала жақсы дамыған. Осы құрылғы арқылы біз барлық материалдарды өңдей аламыз.

Бүгіндері серіктестікте 20 адам еңбек етеді. Орташа жалақылары- 90-100 мың теңгенің маңайында. Нақ осы, мамандардың сапалы жұмысының арқасында өндіріс көлемі артуда дейді мұндағылар.

Виталий Анисифоров- «Атриум СК» ЖШС директоры.

-10 білікті маман мен жақсы қондырғы болса жетеді. Олар сапалы өнім шығаруға септеседі. Десе де бізге келетін қызметкерлерді қайта дайындықтан өткіземіз. Өйткені, біздің техникалық білім беретін оқу ордаларынан шыққан жастардың тәжірибесі аздау. Сондықтан оларға деген сұраныс та жоқ.

Бүгіндері тауар нарығы дамып, бәсекелестік артқан заманда, мемлекет қолдауынсыз іс жүргізу мүмкін емес дейді кәсіпорын директоры. Ал биік белестерді бағындыруда бизнесмендерге кәсіпкерлік саласындағы түрлі байқаулар септесетін көрінеді. Айталық, «Атриум СК» ЖШС «Қазақсанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауында екінші дәрежелі дипломмен марапатталып, енді Астанада өтетін республикалық кезеңге дайындалып жатыр.

Виталий Анисифоров- «Атриум СК» ЖШС директоры.

-Әрине біз жақсы нәтижеге қол жеткізіп, орын аламыз деп үміттенеміз. Бәсекелестік мықты болады. Десе де біз, ешқандай марапат алмасақ та, түрлі кәсіпорындармен араласып, тәжірбие алмасуға ниеттіміз.

Нақ осындай байқаулардың арқасында кәсіпорында жаңа идеялар мен жобалар туындайтын көрінеді.

 

 

Магжан Ахмадина.