Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданындағы орақ науқаны қызу жүргізілуде

Николай Згура- «Шағала- Агро» ЖШС комбайн жүргізушісі, Қызылжар ауданы.

-Мен жүргізетін «Вектор» комбайны бидайды таза етіп жинайды. Артында сабан қалдықтары да аз қалады. Жақсы алқаптарда небары 15-20 минуттың ішінде 4 тонналық бункері толады.

Жалпы серіктестік 6 мың гектардан астам жердегі өнімді жинамақ. Соның 2,5 мыңына бидай егілсе, қалғаны майлы дақылдардың үлесінде. Кәсіпорындағылар дәнді дақылдардың 50 пайызын орып үлгерген. Әзірге гектар берекелігі 20 центнерден айналуда.

Владимир Шершнев- «Шағала- Агро» ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы.

-4 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілді. Соның 2400-і рапсқа тиесілі, одан 6 мың тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. 1600 гектарға зығыр себілді. Одан 2,5 мың тонна өнім жиналады деп межеленген.

«Шағала- Агро» ЖШС астықты сақтау үшін де үлкен жұмыстар атқарған. Биыл олар әрбіреуінің сыйымдылығы 5 мың тонна болатын 2 қойма салып, тағы бір тоқта жаңғырту жұмыстарын жүргізіпті. Кәсіпорын бұл шаруаға – 60 млн. теңгеден астам қаржы жұмсапты. Биылғы астықтың ылғалдылығы жоғары дейді диқандар. Сондықтан танап басынан келген ырыс дәнін мұндағылар арнайы кептіргіштен өткізеді. Серіктестік оны да ағымдағы жылы 30 млн. теңгеде сатып алған. Шетелдік техника тәулігіне ылғалдылығы 20-23 пайыз болатын бидайдың 16 тоннасын өңдеп шығарады екен.

Ербол Ермұқанов- «Шағала- Агро» ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы.

-Биыл серіктестікте біраз жұмыстар атқарылды. Бидайдың ылғалдылығы жоғары, сондықтан оны кептіруге Ресейдің Новосібір қаласынан кептіргіш алдық. Ол біздің ауа райына бейімделген. Ылғалдылықты 10 пайызға төмендетеді. Бидай тазалағыш пен тиегіш техникалар да жаңа. Жақында ғана сатып алынған.

Серіктестік биыл бидай сақтайтын орындарды қалыпқа келтіріп, абаттандыру шараларын жүргізуге және өзге де жұмыстарды жасауға 270 млн. теңге қаржы жұмсаған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекеттен қосымша 40 млн. теңге субсидия бөлініпті. Жалпы биыл Қызылжар ауданының шаруалары 134 мың гектардан астам жердегі ырыс дәнін жинап алулары тиіс.

Мұрат Құсайынов- Қызылжар ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары.

-Оның 80 мың гектары оралды. 67 мың гектары жианп алынды. Ол шамамен 47 пайыз. Гектар берекелігі 16 центнерден алынып жатыр. Егін ылғалдылығы жоғары, бірақ серіктестіктер кептіргіштердің көмегімен ылғалдылықты 14-15 пайызға длейін жеткзуде.

Орақ науқанына 500-ден астам комбайн жұмылдырылған. Аудан шаруалары ай соңына дейін межеленген істі тындыруды көздеп отыр.

 

 

Магжан Ахмадина.