Білім

“Мәңгілік ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда

Жер көлемі шағын, халқы тығыз қоныстанған өңірлер үшін Білім және Ғылым министрлігінің қолдауымен «Мәңгілік ел жастары индустрияға» жобасы қолға алынған. Аталмыш бағдарлама аясында мемлекет Оңтүстік Қазақстан облысының талапкер жастары үшін қосымша 2050 білім грантын бөлген. Оның ішінде жоғары оқу орындарына 1050, 23 колледжге 1000 грант бөлінді. Мемлекеттік бағдарламаның аясында биыл Петропавл темір жол колледжіне де 2 мамандық бойынша білім алуға 50 студент келген. Аталмыш білім ордасындағылар бұл жобаның жастарға берері мол, сонымен қатар екі өңірдің қарым-қатынасын нығайтпақ дейді.

Индира Казиева – Петропавл темір жол колледжі бойынша “Серпін-2050” мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі.

-Биылғы оқу жылында колледжімізге “Мәңгілік ел жастары индустрияға” жобасы аясында 2 мамандық бойынша 50 студент қабылданды. Бұл жоба өскелең жастардың болашағының баянды болуын қалыптастырады. Ел экономикасына ықпал ететін жас мамандарды шығарады деп ойлаймын. Бұл жобаның тигізер тағы бір пайдасы оңтүстік пен солтүстіктің араласып, танысуына зор ықпал етеді.

Қазіргі таңда колледжде 1400 студент 10 мамандық бойынша білім алуда. Тың мемлекеттік жоба аясында студенттер 2 жыл 10 ай бойы Петропавл темір жол колледжінде тәлім алады. Оқу ордасын аяқтағаннан кейін теріскейде қалып, жұмысқа орналасуымызда мүмкін дейді Дархан Мухидин.

Дархан Мухидин – Петропавл темір жол коллдежінің 2 курс студенті.

-Мен мұнда “Мәңгілік жастар индустрияға” бағдарламасы бойынша электрмен жабдықтау мамандығында оқып жатырмын. Оқуымды аяқтағаннан кейін Петропавлда өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін деген ойдамын.

Бүгінгі кездесуде ұлтаралық түсіністік пен ынтымақтастық та сөз болды. Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан облысынан келген студенттер өз өнерлерінде ортаға салды.

 

 

Риат Шони.