Құқық қорғау органдары

Облысымыздың прокурорлары кезекті үйлестіру кеңесін өткізді

Қадағалау шаралары бірқатар олқылықтардың бетін ашты. Мысалы, соңғы бір жарым жылда облысымыздың соттары 1284 азаматтың ісіне қатысты үкім шығарды. Олардың 644-іне белгіленген жаза – айыпты тұлғалардың бас бостандығын шектеуге байланысты болмаған. Алайда, қылмыстық инспекцияның өкілдері аталмыш азаматтарды дер кезінде есепке қоймай, бірқатар заң бұзушылықтарға жол берген.

Айдар Мұқанов, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бөлім басшысы.

-Сотталғандарды есепке алуды қадағалау жағы дұрыс жүргізілмегендіктен, олар ел аумағынан еркін шығып жүрген. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында үйлестіру кеңесінде арнайы іс-шараларды өткізу жағы қарастырылды. Яғни құқық қорғау органдарымен әріптестік қарым-қатнас орнатып, біргелікте жұмыс істеу керек.

Үйлестіру кеңесінде облысымызда орын алған жол-көлік апаттары да сөз болды. Биыл төтенше жағдайлар 11 пайызға азайған. Ал, өлім-жітім 16,7, жол-көлік апатында жарақат алғандар саны 20,2 пайызға кеміді. Тағы бір мәселе – автокөлік жүргізушілерін даярлауға қатысты қаралды. Тексеру барысында психоневрологиялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрған тұлғаларға жүргізуші куәлігі берілгені анықталыпты. Мысалы, қалада 8-ші бағыттағы қоғамдық автокөлікті ақыл-есі кем ер адам жүргізген. Оның қолында тіпті А,В,С,Д, Е деңгейлеріндегі жүргізіші кәулігі болған. Сондай-ақ, тағы бір нашақор да қоғамдық көлік рөлінде отырыпты. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін аталған емдеу мекемелері мен полиция инспекторлары қоян-қолтық жұмыс істеу керек дейді мұндағылар.

Асқар Жүнісов, СҚО 1-ші прокуратура басқармасы бөлімінің аға прокурор.

-Мұндай қателіктер тиісті органдардың жұмысын дұрыс атқармауынан орын алуда. Қажетті тексеріс жұмыстары жүргізілмейді, құжаттар үстіртін қаралады. Сондықтан, бұл проблемалардың алдын алу үшін психоневрологиялық және наркологиялық диспансердің дәрігерлері тәртіп сақшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керек.

Сондай-ақ, прокуорлар өткен жылы сатып алынған жылдамдықты анықтайтын қымбат 3 құрылғының әлі күнге дейін іске қосылмағандығын анықтаған. Дәл осы құрылғы жол ережелерін бұзғандарды анықтауға үлкен көмек көрсетпек.

 

 

Бану Ахметова.