МТРА жаңалықтары

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде кезекті брифинг өтті

Денис Шуваев – СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім басшысы.

 

-Біздің қызметкерлер жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, аудандардағы мал азығын дайындау мен егін жинау кезінде өртке қарсы талаптардың сақталуын байқадық. Осы шаралар кезінде қожалық иелеріне қауіпсіздік шарасын бұлжытпай орындау керектігі айтылып, түсіндірілді.

Бұдан бөлек әр серіктестік басшысы жанар-жағармай қоймаларының маңайын жыртуды ұмытпағаны абзал. Бұл шара өрттің айналаға таралып кетуіне тосқауыл болмақ. Сондай-ақ, мұндай орындар міндетті түрде өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім басшысы.

-Жұмысшыларға егін алқабында темекі шегуге тыйым салынады. Күзгі жиын-терім уақытында әр серіктестікте трактор мен соқа дайын болуы тиіс. Ол егін алқабында өрт орын алған уақытта апат маңайын жырту үшін қажет. Күн сайын комбайндардың тасылмалдауышын астық дәні мен сабаннан тазартып отыру керек. Атап өтер болсақ, осындай түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде соңғы екі жылда танап басындағы апаттар тіркелген жоқ.

Сондай-ақ құтқарушылар жеке секторда туындайтын өрттерге де тоқталды. Бұл бағытта басқарма қызметкерлері жылыту маусымы қарсаңында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек. Отырыста суға батып кеткен солтүстікқазақстандықтардың жайы да сөз етілді. Жыл басынан облыс су-тоғандарында 35 адам қаза болса, соның 12-сі балықшы.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы.

-Суда шомылу талаптарын сақтамай, қаза болып жатқан теріскейліктер саны азаяр емес. Мысалға, 2013 жылы 35 тұрғын суға кетсе, оның ішінде 5-уі бала. Биыл 35 адам судың құрбанына айналды. Суға батып кеткендердің дені әуесқой балықшылар. Олар ауа-райына қарамастан, өзен-көлдерге шығып кетеді. Осы жылдың өзінде 12 балықшы мен аңшы суда жүзу ережелерін сақтамау салдарынан қаза болды.

 

Бакыт Садуакасов.