МТРА жаңалықтары

Отбасы күні қарсаңында жергілікті атқарушы билік өкілдері облыстық перинаталдық орталықта босанған әйелдерді құттықтады

Сәбилі болған аналарды құттықтай келген қонақтар оларға баланың күтіміне қажет дүниелерді сыйға тартты.

Бахытжан Сәмиева – СҚО Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.

-Іскер әйелдер қауымдастығы аналарды әрқашанда қолдап жүреді. Әйел азаматтар өздерінің ерлерімен бірге балаларын тәрбиелесе, отбасыларын мықты ұстаса, біздің еліміз әрқашанда аман болады.

Жалпы Отбасы күні елімізде өткен жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтуде. Мереке қарсаңында облыстық перинаталдық орталықта 16 шарана туған. 13-і қыркүйек күні сағат таңғы бесте Тлепбергеновтардың жанұясы да қуанышқа бөленді. Олардың көптен күткен қыздары дүниеге келді. Жас ана Лилияны үйінде жұбайы мен екі ұлы тағатсыздана күтіп отыр. Олардың отауласқандарына 15 жыл болыпты.

Лилия Тлепбергенова.

-Барша Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Бізге міне осындай сыйлықтар әкеп жатыр, біз оған қуаныштымыз. Үкіметке алғысымды айтамын, және де балаларымыз аман болсын.

Атаулы күннің өзінде 8 солтүстікқазақстандық сәби жарық дүние есігін ашты. Ал жыл басынан бері өңір тұрғындарының санын 3427 нәресте толықтырған.

 

 

Риат Шони.