Әр түрлі

Рыцарьлар Қырымда өткен сайыстан жүлделі оралды

Павел Колесников – “Bayard Legion” тарихи клубы” қоғамдық бірлестігінің аға жаттықтырушысы.

-Мен бұл қозғалысқа 2002-ші жылы қосылдым. Біздің қаламызда ол кезде бұл спорт түрі қарыштап дамыған болатын. Бірақ, 2007-ші жылдардан кейін сәл ұмытылып қалды. Ендігі кезекте, достарымызбен бірге бұл ойындарды қайта жаңғыртудамыз. Бүгінгі таңда қаламызда тек біздің клуб қана жұмыс істейді. Ал жалпы Қазақстан бойынша Павлодар, Астана, Қарағанды қалаларында арнайы клубтар бар.

Қырымда өткен “Достастық кубогында” Қазақстанның намысын қорғауға Павел Колесников пен Владимир Торопов барған. Аталған сайысқа Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырым мен одессалық құрамалар қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Айта кету керек жерлестеріміз осы сынды турнирде алғаш рет бақ сынаған. Бұл жолы асықтары алшысынан түсіп, петропавлдық құрама үшінші орынды еншілеп қайтты.

Владимир Торопов – “”Bayard Legion” тарихи клубы” қоғамдық бірлестігінің майдангері .

-Турнирде жекелей сында “Қалқан мен қылыш”, “Баклер және қылыш”, ерлерде “Жарты метрлік”, ал әйелдерде “Бір қолды қылыш” номинациялары болды. Сонымен қатар, командалық “Болат дауылы” сияқты жарыс ұйымдастырылды. Онда қатысушылар бірнеше құрамаға бөлініп шайқасады. Бұл сайыста біз Мәскеу, Воронеж, Луганск, Қырым, Петропавл және де Ұлыбританиялық рыцарьлармен иық тіресіп соғыстық. Осы сайыста үздік үштікке кіре алдық.

Көне спортты қаламызда қайта жандандырып жүрген жігіттер рыцарьлардың қару-жарақтарының басым көпшілігін өз қолдарымен жасайды екен.

-Болаттан жасалған бұл дулығаны 14-шы ғасырда Европаның жауынгерлері киген. Дулығаның салмағы 3,5 кг. қалыңдығы 2 мм. Қатты соққыларға шыдас береді.

Қару-жарақты қоса алғанда жерлестеріміз киген сауыттардың салмағы 40 кг-ға дейін жеткен. Ал өзге командалардың қорғаныш киімдері 25 келіден аспапты. Бұл өз кезегінде қарсылас құрама өкілдеріне шайқаста жылдам әрі ширақ қимылдап, жеңіп шығуға септескен.

Владимир Торопов – “”Bayard Legion” тарихи клубы” қоғамдық бірлестігінің майдангері.

-Сайыс ашық аспан астында ұйымдастырылды. Үш күн бойы сынап бағанасы 40 градустан төмендеген жоқ. Есесіне біздікіндей ауыр сауыт-саймандарды тасып жүру оңай болған жоқ. Сондықтан, бар өнерімізді тиісті деңгейде көрсете алмадық.

Қазір “Bayard Legion” тарихи клубының мүшелігіне 15-ке жуық жерлесіміз өткен. Алдағы уақытта олар тарихи спорт түрлерін кеңінен насихаттауды қолға алмақшы.

 

 

Риат Шони.