Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жаңа элеватор іске қосылды

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі.

-Бүгін біз жаңа астық қабылдау пункті «ТНС- Экспорт» ашқалы отырмыз. Қуаттылығы 120 мың тонна болатын элеватордың ашылуы астықты өлкеміз үшін маңызды оқиға. Елбасы өз жолдауында болашақ- аграрлы секторда деп атап айтқан болатын. Ал «ТНС- Экспорт» ЖШС бәсекеге қабілетті, барлық заманауи талаптарға сай. Болашақта ол экономиканың дамуына үлкен үлес қосатындығына сенімдімін.

Осыдан кейін облыс әкімі элеваторды салнататты түрде іске қосты.

Бұл элеватордың құрылысы 2012 жылы басталыпты. Нысан сағатына 600 тонна астық қабылдай алады. Мұнда майлы дақылдарды да сақтауға мүмкіндік бар. Оның құрылысына 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Еліміздегі бірегей элеватор инновациялық технологиялармен жарақталған. Ол өзгесіне қарағанда энергияны 3-4 есе азырақ тұтынады екен.

Қуат Қасен – «ХПП ТНС- Экспорт» ЖШС бас директоры.

-Бұл жерде біз жаңа инновациялық технологияларды қолданып отырмыз. Күн сәулесін қолданып отырмыз. Барлық нысандардың үстінде күн сәулесінің батареялары орнатылған. Сол арқылы біздің электр қуатын үнемдеу мүмкіндігіміз бар.

Мұнда негізінен канадалық қондырғылар орнатылған. Солардың бірін Мейрам Иманқұлов басқарады.

Мейрам Иманқұлов- «ХПП ТНС- Экспорт» ЖШС операторы.

-Міне мынау – толығымен элеваторды басқаратын пульт. Біз қазір автоқабылдағыштан бидайды қабылдап жатырмыз. Кейін ол қажетті үрдістерден өтеді. Ал оның барлығы осы жерден басқарылады.

Бүгінде облыс аумағында 50-ден астам элеватор жұмыс істейді. Олардың барлығының жалпы сыйымдылығы 3,5 млн тоннаны құрайды.

Серікбай Тұралинов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

-Қазіргі күні тапшылық жоқ деп есептейміз. Өйткені, 6 млн астық қабылдауға қауқарлымыз. Ал есептеулер бойынша жылына орташа 5 млн тонна астық өндіріледі.

 

Жаңадан іске қосылған кәсіпорында 96 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Олардың жалақысы орта есеппен 80 мың теңгенің маңайында.

 

Магжан Ахмадина.