Билік

Облыстық ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-ҚР президенті Н:Назарбаев өз жолдауында бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз дамыған елдің негізі. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыру қажет деп атап өткен болатын.

Ең алдымен «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов ҚР 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі салалық бағдарламаның жүзеге асырылуы барысы жайында баяндады. Бұл қоғамдық дерттің алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылады. Алайда, бірқатар салаларда әлі де бармақ басты, көз қыстылыққа жол беретіндер баршылық.

Артур Молдағұлов- «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары.

-Қолға алынған шараларға қарамастан, заңбұзушылықтар үнемі тіркеліп отыр. Алдымен, 2013 жыл мен 2014-ші жылдың өткен мерзімінде орын алған денсаулық саласына қатысты құқықбұзушылықтарды айтар болсақ, қаржы полицейлері Тайынша ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы ұстады. Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері де ҚР «сыбайлас жемқорлық жайлы» заңнаманы бұзғаны үшін қызметіне толық сай емес деген ескерту алды.

Мұндай заңбұзушылықтар білім саласы қызметкерлерін де айналып өтпеген. ­Өткен жылы 26 лауазымды тұлға әкімшілік, тағы 2-уі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал ағымдағы жылдың 8 айында білім саласының 14 қызметкері жазаланды. Бұл жұмыстың жүйелі түрде жүргізілмей жатқандығын көрсетеді. Мұндай фактілер құрылыс саласында да орын алған.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-Құрылысшылар көп жағдайда жұмыс көлемін асырып көрсетеді. Сонымен қатар, шаруа толық тындырылмай жатып, атқарылған істердің актісіне қол қойылып кетеді. Осы басты екі қателікті алдағы уақытта болдырмау керек. Бүгіндері бұл жағдай қалай болып жатыр? Жалпы осындай оқиғалар алдағы уақытта қайталанса міндетті түрде басшыларды жұмыстан босату қажет.

Ратмир Ахметов- СҚО құрылыс басқармасының басшысы.

-Біз күн сайын жасалған жұмысты бақылап отармыз. Жыл соңында оларды салыстырып, ортақ бір жұмыс көлемін шығарамыз. Аудандық және қалалық құрылыс бөлімдерінің мамандарына арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Өңір жетекшісі мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан үйлерді қолданысқа тапсыруда көптеген мәселелер туындайтындығын айтты. Мұндай жағдайлар, әсіресе, Петропавл қаласында жиі кездеседі екен.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі.

-Үйлерді пайдалануға тапсыру реті де заң бойынша жүзеге асырылуы керек. Сол себепті, бұл бағытта қоғамдық бақылауды күшейтуді жүктеймін.

Кейін жер заңнамасы саласында сыйбалас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу және бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндама тыңдалды. Инспекция мамандары жүргізген тексеріс жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді. Көп жағдайда жер телімдерін беру кезінде аудандық және қалалық жер қатынастары бөлімдерінің мамандары бекітілген мерзімді бұзып, конкурстардың ретін нақтыламау сынды қателіктерге бой алдырады.

Мейрам- Меңдібаев- ҚР жер ресурстарын басқару агенттігінің СҚО бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы.

-Онымен қоса көп жағдайда жер беру кезінде заңды тұлғалар мен азаматтардың құқықтары сақталмайды. Құжаттар дұрыс рәсімделмейді. Кейде тіпті құрылыс жүргізу үшін бас жоспар бекітілмей жатып, жер телімдері беріледі.

Осы ретте өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов құжаттар толық болмайынша ешбір жұмыс атқарылмауы керектігін ескертті. Жиында саяжай қауымдастықтарына қатысты мәселе де қозғалды.

Степан Зайтлер- СҚО прокуроры.

-Бүгіндері Петропавл аумағында 136 қауымдастық бар. Олар 47 мыңнан астам участокқа бөлінген. Солардың тек 22 мыңға жуығы ғана пайдаланылады. Қалғандары қаңырап бос жатыр. Үкімет кезең-кезеңімен инвентаризация өткізу керектігін айтқан болатын.

Төлеген Закариянов- Петропавл қаласының әкімі.

-Әрине Үкімет қаулысын біз міндетті түрде орындау қажетпіз. 2013 жылы біз 115 өтініш бердік. Солардың 107-сіне қатысты қанағаттанарлық шешім қабылданды. Биыл біз 389 өтініш тапсырсақ, соның 321-і шешімін тапты. Жұмыс әлі де жалғасады. Бұл ретте айта кететін бір жайт бар. Ол арнайы заңнаманың жоқтығы. Өйткені барлық саяжай қауымдастықтары кооперативтерге бөлінген. Сондықтан саяжай үшін жер телімдері бөлінген кейбір адамдарды табу мүмкін болмай тұр.

Жиын соңында аймақ басшысы істің болары болып, бояуы сіңгенде емес, оның алдын алуда жүйелі жұмыстар жасау қажеттігін ескертті.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-Барлық басқармалар өз іштерінде қандай мәселелер бар екендігін біледі. Сондықтан анализ жасаулары қажет. Өкінішке орай бізде оқыту шараларының нашар жүргізілетіндігін мойындау керек. Осы жағын біржақты ету міндеті тұр. Бармақ бастылық, көз қыстылық фактілерін халыққа жеткізу жұмыстарына, яғни ақпараттандыруға да басымдық берілгені абзал.

 

 

Магжан Ахмадина.