МТРА жаңалықтары

СҚО-ның бірқатар білім ошақтарында оқулық жетіспейді

Елена Белова – ата-ана.

-Оқу жылы басталды. Мұғалімдер үй тапсырмаларын береді. Бірақ оқулық жоқ, қалай істейтінін білмеймін. Жанымыздағы көршілерде де кітап жоқ. Бар болған күнде де, үнемі олардан алып тұра алмайсың. Мектепте үй тапсырмасын сұрайды. Оқулық болмаса бала оны қайдан орындасын? Бізде тегін білім беретін болса, оқулықтар тегін таратылуы керек деп ойлаймын.

Елена Белованың үлкен қызы №23 орта мектептің 8-сыныбында оқиды. Оған жалпы саны 15 оқулық алу қажет. Қазір оқушының қолында мектептен алған 4 кітабы ғана бар. Ал қалғанын ата-ана өз қаражатына сатып алуы тиіс. Еленаның 2 – сыныпта оқитын ұлы да бар. Сондықтан, біраз шығындануға тура келеді.

Елена Белова – ата-ана.

-Қызым екеуіміз дүкендерді аралап, бағаларды қарадық. Бір оқулық 1000 теңге тұрады. Бұл ең арзаны. Ал өзгелері 1200, 1500 теңге көлемінде. Ағылшын тілі 4000 теңге тұрады. Ал менде екі бала. Кеңсе тауарларын алуға ғана 7 жарым мың теңге кетті.

Өңірдегі кітап тапшылығы тамыз айында-ақ басталған болатын. Қазір мамандандырылған дүкендерде бірқатар оқулықтар жоқтың қасы. Жергілікті білім басқармасындағылар оқулықтарға тапсырыстың ерте жасалғанын айтып отыр. Алайда, мемлекеттік сатып алуға қатысқан фирма кітап жеткізуді кешіктіруде.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқарамасы жетекшісінің орынбасары.

-Қазіргі таңда СҚО-ы оқулықтармен 90 пайызға жабдықталды. Тек Ғ.Мүсірепов ауданы мен Петропавл қаласында бірқатар қиындықтар туындап отыр. Ол кітаптарды жеткізушілердің сапасыз жұмысының кесірі. Қазір білім басқармасы тапсырысты орындаушыларды жауапқа тарту үшін шара қолдануда. Дегенмен осы айдың соңына дейін жауапты компания өкілдері оқулықтардың жеткізілетінін айтуда.

Ағымдағы жылы облыс бойынша мектеп бағдарламасында қарастырылған оқулықтарды сатып алуға 206 млн. теңге бөлініпті.

 

 

Риат Шони.