Балалар

“Жасыл ел” еңбек жасақтары кезекті жұмыс маусымын қорытындылады

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі.

-2014 жылғы жұмыс маусымы аяқталды. Біз бар болғаны екі ай еңбек еттік. Десе де, осы қысқа уақыттың ішінде қыруар шаруа атқарылды. Мемлекеттік орман шаруашылықтары бізге алғыстарын айтуда. Ал бұл тазалық шараларына ат салысқан жастар болса, қосымша ақша тауып, табиғатқа жақындай түсті. Оның үстіне ғаламшардың тазалығы әр адамға байланысты екенін түсінгенін атап өткім келеді.

Жалпы биыл “Жасыл ел” қатарында 323 жасөспірім еңбек етті. Ал былтыр аталмыш жасақтарда 250 шақты ұлан тазалық және абаттандыру ісіне араласқан болатын. Оларға жалақы төлеуге облыстық бюджеттен 9,5 млн. теңге қаржы бөлініпті. Екі қолға бір күрек тауып, маусымдық жұмысқа араласқан жастардың орташа еңбекақысы 40 мың теңгені құрады.

Алина Гайнуллина – “Жасыл ел” жасағының ұланы.

-Мен биыл “Жасыл ел” қатарында 1 ай жұмыс істедім. Еңбек отрядында қатарластарыммен иық тіресіп, талай шаруаның басын қайырдық. Атқарған ісіміз көңілімнен шықты. Ұжымымыз жақсы болды. Таза аулада еңбек ету денсаулыққа да пайдалы. Жалпы жұмыс қиын емес. Біз ормандарды абаттандыру, аулаларды тазарту сынды істерді атқардық.

“Жасыл ел” ұландары келер жылдың маусым айында қайта басталатын игі шараға да ат салысатындарын айтып отыр.

 

Риат Шони.