Спорт

“Қызыл-Жар СК” футбол клубы өзінің сәтсіз сериясын тоқтатты

Жеңілістер сериясын команданың экс-капитаны Владимир Никлевич өз мойнына алып, клуб қарамағанынан кетті. Осындай өзгеріске байланысты бүгінгі қаратаулық «Лашынмен» кездесуге ойыншыларды Нұрсұлтан Нұржігіт бастап шықты. Ал қақпаны команданың бас бапкері Владимир Линчевский 24 жастағы Виталий Миллерге сеніп тапсырды. Ысқырық шалынысымен жергілікті футболшылар қарсыластарын барлауға аттанды. Бірнеше өткір шабуылдар қонақтар қақпасының маңынан табылды. «Лашын» командасы алаңға тез бейімделіп, жауап қайтара білді. Жанкүйерлердің өкінішіне орай бірінші таймда еш қақпаға гол соғылмады.

Екінші тайм басталысымен, қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Үзілісте бапкерінің берген кеңестерімен бірнеше тактикалық шабуылдар өткізді. Алайда Виталий Миллер оларға сыр бермеді. Бұл ойыннан үш ұпайды қалай болса да алу керектігін сезінген жерлестеріміз шабуылдарына қарқын қоса түсті. Кездесу аяқталуға шақ қалғанда ойынға тыңнан қосылған Юрий Мокроусов бұл кездесудегі алғашқы және жеңісті голдың авторы атанды.

Көп ұзамай төрешінің ысқырығы шалынды. «Қызыл-Жар СК» өзінің сәтсіз сериясын аяқтады. Қорытынды есеп 1-0.

Нұрсұлтан Нұржігіт – «Қызыл-Жар СК» командасының капитаны.

-Ойын өте қиын болды. Өйткені, сәттілік жетіңкіремеді. Допты қақпаға бағыттасақ та дарымады. Ойынның соңында жігіттер мінез көрсетіп, жеңісті суырып алды. Қарсылас команда кездесудің басынан қорғанысқа көңіл бөліп, тең нәтижеге қол жеткізуге тырысты. Бірақ біз мықты қорғаныстан саңылау таба білдік. Бүгінгі кездесуде жанкүйерлерде үлкен қолдау көрсетті. Оларға алғысымыз шексіз.

Қарасай стадионындағы келесі ойын қыркүйектің 20-ы күні сағат 15:00-де өтеді. Онда жергілікті команда «Екібастұзды» қабылдайды.

 

 

Риат Шони.