Спорт

“Денсаулық” фестиваліне 1200 петропавлдық қатысты

Анархан Дүйсенова, СҚО әкімінің орынбасары.

-Ұлттың денсаулығын нығайту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда облысымызда спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқандығы баршаңызға аян.

Бүгінде өңірімізде 2200 шақты спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Оған қоса биыл облыс орталығында тағы 15 шағын футбол алаңқайы пайда болды. Қазір өңірімізде 3 дене шынықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аймағымызда спорттың дамуына қоғам өкілдері де, спорт ардагерлері де ат салысуы қажет дейді СҚО күрес федерациясының президенті Бауыржан Құлжанов.

Бауыржан Құлжанов, СҚО қазақ күресі федерациясының президенті, қазақ күресінен спорт шебері.

-Өз балаларымызды, немерелерімізді тәрбиелеп, спортпен шұғылдану үшін жағдай жасау, жергілікті билік өкілдерінің ғана емес, спорт ардагерлерінің борышы деп біленмін. Ұлт болашағы – дені сау ұрпақта. Осыны біз осы бастан ескеріп жүруіміз қажет.

Міне, “Денсаулық” фестивалінің негізгі кезеңі басталып та кетті.

Қазақстан Конституциясы көшесімен 1200 адам тәуелсіздік стелласына қарай жүгіріп келеді. Мұндағы үміткерлердің ең кішісі 3 жаста болса, ересегі 70-те. Олар 800 метрді жүгіріп өткен соң сәл тынығып, кейін әр үміткер арқан тартыс, қол күрес сынды бұқаралық спорттың 8 түрі бойынша күштерін сынға салды. Мысалы, мына жерде гір тасын көтеруден жігіттермен қатарласып, қыздар да алдына жан салар емес. Мәриям Тұрсынова 16 келі гір тасын 30 рет иықтан асырып көтеріп, өзгелерден осал еместігін көрсетті.

Мәриям Тұрсынова, “Денсаулық” фестиваліне қатысушы.

-Менің бұл спорт түрімен айналысқаныма 3 ай болды. Қалалық кезеңдегі жарысқа да қатысып, өз бағымды сынап көрдім. Онда нормативті ойдағыдай орындап, 3-ші орынға қол жеткіздім. Содан менің осы спорт түріне деген қызығушылығым оянды. Енді мұнымен мықтап айналысатын ойым бар. Маған көбі қыз баласың ғой, бұл спортты неге таңдадың деп айтып жатады. Мен болсам, өзіме үлкен мақсат қойып, үлкен спорттық жетістіке жеткім келеді.

Ал мына жерде қазақтың ұлттық ойыны – тоғыз құмалақ жастарға насихатталып жатыр.

Жандарбек Қуандықов, тоғыз құмалақтан жаттықтырушы.

-Бұл жыл сайын өтіп тұратын мереке. Соған барлық дене шынықтыру мұғалімдері, спорт саласында жүрген бүкіл қызметкер ат салысып жатыр. Жас ұрпаққа жақсы өнеге көрсетіп жатырмыз ғой деп ойлаймыз. Міне, мына жерде қазақтың ұлттық ойыны – тоғыз құмалақты ойынын насихаттап жатырмыз.

Сондай-ақ бұл шараға ҚР спорт шеберлері, параолимпиада ойындарына қатысушылар, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері мен “Үміт”, “Надежда” клубтарының мүшелері қатысты. Тұрғындар мұндай игі шара ай сайын ұйымдастырылып тұрса дейді.

Сан алуан спорт түрлері бойынша сайысқа қатысқандарға медаль, марапат қағаздары табысталды.

Бұл шараға қаланың 5 емдеу мекемесі де ат салысты. Дәрігерлер бірден ашық аспан астында жерлестерімізді қабылдап, бірқатарының қан қысымын өлшеп, кеңестер беріп жатты.

Зура Бектасова, №1 қалалық емхананың учаскелік дәрігері.

-Бүгін денсаулық күні келген адамдардың сұрақтарына жауап беріп, қант мөлшерн анықтадым. Тұрғындар неліктен қан қысымы жоғары, қалай тамақтану керек, қандай дене қимылдарымен айналысу керек.

 

Берик Касен.