Қоғам

Петропавлдағы әскери институт курсанттары салтанатты түрде ант берді

Әскери институт курсанттарының қатарын толықтырған жастар ант қабылдау салтанатыннан кейін ҚР әнұранын шырқады. Бұл күн жоғары әскери білім алғалы жатқан курсанттар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ерекше күн. Бүгінде құрмет демалысында жүрген Қалқа Кәрімованың немересі де осы күні әке жолын таңдап, әскери өмірге қадам басты.

Қалқа Кәрімова.

-Үкіметтің, ағайын туыстардың алдында осылайша ант беріп жатыр. Болашағы бақытты болсын. Абыройлы міндетін жақсы атқаруға жазсын.

Әскери институтқа қабылданған бұл курсанттар еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Олардың әрқайсысы Отан алдындағы міндетті өтеу – борышымыз деп біледі. Жасұлан Қуаныш та солардың қатарында. Ол әскери адам болуды бала кезінен армандапты. Бүгін Жасұлан мақсатына бір табан жақындады.

Жасұлан Қуаныш, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ курсант.

-Өмірімде бірінші рет ант қабылдап жатырмын. ҚР азаматы болып отанымды қорғап, тыныштығын қорғаймын.

Айту керек, қазіргі таңда әскерилерді тар мамандықтар бойынша шет елдерде тәлім беру қарастырылған. Мәселен бұған дейін курсанттар Ресей әскери оқу-жаттығуларына машықтанса, биылдан оларға Түрік мемлекетінің әскери-оқу ордасында білім алу мүмкіндігі берілді. Сөйтіп, бұл жолы ант қабылдаған 180 курсанттың 8-і көп ұзамай Түркияға жол тартпақ.

Марат Батыров, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ басшысының оқу және ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары.

-Біздерде Қырғыз, Тәжік республикаларынан курсанттар білім алып жатыр. Екі рет халықаралық дәрежеде офицер мамандарды даярлап шығардық. Биылғы жылы үшінші қатары келіп тұр.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан ҚР мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, әр азамат өз елінің патриоттары болу керектігін тілге тиек етті.

Абай Тасболатов, ҚР Мәжілісінің депутаты.

-Елімізді қорғау -әрбір азаматтың парызы оның міндеті. Сондықтан курсанттардың ант беріп жатқандығына біз қуаныштымыз. Осындай елімізді қорғайтын азаматтар өз елінің патриоты болсын.

Кейін әскери институттың әр оқу ротасының курсанттары өз өнерлерін көрсетті. 3-інші оқу батальонының “Карабиндер” тобының көрсетілімі жиналған қауымды бей-жай қалдырмады.

Бұл күні жас курсанттар да ата-аналары мен қонақтарға қоян-қолттық күрес амалдарын көрсетті.

Ант беру рәсімі жас курсанттардың ата-анасының қоштасуымен аяқталды.

 

 

Бану Ахметова.