Қоғам

Ел бойынша жария ету науқанының 3-ші кезеңі жүріп жатыр

Бұл мақсатта бүгінде қалада 19 адамнан тұратын арнайы комиссия жасақталған. Қала бюджетін толықтыру жөніндегі жұмыс тобының отырысында заңдастыру шарасының екі жақққа да тиімді болатыны айтылды. Біріншіден, осыған дейін заңдастырылмаған мүлкі үшін салық төлемей келген жеке және заңды тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Екіншіден, олардың салығы есебінен қала қазынасы қосымша кіріс көреді.

Зәуре Нұрмұқанова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары, мүлікті жария ету, өткізу жөніндегі комиссия төрайымы.

-Өткен жылмен салыстырғанда биыл салық түсімі бойынша бюджеттің табыс бөлігі 27 пайызға ұлғайтылды. Біз кіріс жоспарын орындау үшін жұмыс тобымен апта сайын аталған бағытта жиын өткізудеміз. Барлық кіріс көздерін, соның ішінде шағын және орта бизнес нысандарындағы қызметкерлер санының артуы мен олардың жалақыларының өсуін қадағалаймыз.

Сондай-ақ, қалалық бюджеттің кіріс бөлігін арақ-шарап өнімдеріне салынатын акциздер есебінен толықтыруға болады. Мәселен, маусым айнан жұмысын қайта жандандырған “ПЛВЗ” ЖШС биыл өңір қазынасына 256 млн. теңге аударған.

Рүстем Әлібеков, “ПЛВЗ” ЖШС бас директоры.

-Қазір мекемеде 326 адам еңбек етеді. Кәсіпорын тоқтап тұрған уақытта жұмысшыларға 50 пайыз көлемінде әлеуметтік жәрдемақы көрсетілді. Қазір өндіріс 100 пайызға қалпына келтірілді.

Жиын соңында жұмыс тобының мүшелері қаланың табыстарын арттыруға қатысты ұсыныстарын жасады. Олар, петропавлдықтар мүлікті жария етуге белсенді қатысып, уақытылы салықтарын өтесе, шаһар қазынасы айтарлықтай толығады деген ниетте.

 

 

Берик Касен.