Қоғам

“Дипломмен ауылға” бағдарламасымен ауылға қызметке барған жас мамандар

Анастасия Черницина – Соколовка орта мектебінің физика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы.

-Осында алғаш рет келгенімде оқушыларға қалай сабақ беремін деген ой мені қатты мазалады. Дегенмен де өзімді сабырлыққа шақырып, бойымдағы қобалжуымды басуға тарысытым. Мектеп ұжымы мені жақсы қарсы алды. Білмегенімді тәжірибелі әріптесремінен сұрап тұрамын. Оқу кабинеті де қажетті барлық құралдармен жабдықталған.

Жас болса да білімге құштар, сабақ беру әдісін ерекше етуге ерінбейтін маман сондай-ақ 8-сыныптың жетекшісі.

Данил Маслов – Соколовка орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы.

-Анастасия апайымыз күнделікті тақырыпты түсінікті етіп айтады. Ұқпаған жерлеріміз болса, сабақтың соңында тағы бір қайталайды. Ол интерактивті тақтаны жиі қолданады. Менің ойымша, бұл сабақ барысын қызықты қыла түседі.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасымен еңбек етуге келген екінші жас маманның бірі – Бауыржан Сыздықов. Ол Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзі осы ауылда туған. Сол себепті, кіндік қаны тамған жерде жұмыс істеуге бірден келісіпті.

Бауыржан Сыздықов – Соколовка орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы.

-Мен өзім бала кезімнен спортқа біртабан жақын болдым. 11-ші сыныпты аяқтаған соң көп ойланбастан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Мұндағы балалардың да спортпен айналысуға деген қызығушылықтары жоғары. Өзім кезінде қол күрестіруден облыстық жарыстарда топ жарып жүрдім. Болашақта оқушыларымды осы спорт түріне баулымақ ойым бар.

Мектепте қазіргі күні 230 оқушы білім алуда. Оларға 42 мұғалім сабақ береді.
Білім ұясының бүгінгі жағдайы жақсы. Өткен жылы мұнда республикалық бюджеттен бөлінген 69 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, терезелері ауыстырылып, барлық сыныптың еденіне жаңа линолиум төселген.

Жалпы, Соколов орта мектебіндегі білім деңгейі де жаман емес. Биыл Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің нәтижесі бойынша облыста 8-ші орынға тұрақтаған. Мәселен, түлектерінің бірі – Мәдина Жаренкенова 115 ұпай жинап, қазір Елордадағы беделді оқу орнында білім алып жүр.

 

 

Бакыт Садуакасов.