Ауыл шаруашылығы

Орақ науқаны қызу қарқынмен жүргізілуде

Біржан Шәріпов – «Воскресеновка» ЖШС агрономы.

-Біз «Дон Мар» маркалы жаткалармен егінді құлатып жатырмыз. Оның тиімділігі зор. Комбаиндармен жинауға оңай болады.

Серіктестіктегілер тағы 200 гектар алқапқа арпа еккен. Кәсіпорында оның бітік шығуына тиісті барлық шаралар жүргізіліпті.

Біржан Шәріпов – «Воскресеновка» ЖШС агрономы.

-Астық егілмес бұрын арнайы тыңайтқыштар себілді. Кейін зиянкестерге, ауруларға қарсы да өңделді.

Мұнда бидайдың «Омская 36» және 35, тағы «Астана» атты сұрпы егілген. Жаз жауан-шашынды болғандықтан астықтың ылғалдылығы сәл жоғары, десе де диқандар гектар берекелігі 20 центнер болады дейді.

Ал, мынау – «Вайнах-Терек» ЖШС алқабы. Бүгін мұндағылар арпаны оруға кіріскен. Бірақ, аздаған жаңбыр техникаға кедергі келтіріпті. Әзірге, егіс даласында ескі техника жұмыс істеуде. Есесіне, құлатылған өнімді жинауға жаңа комбаиндар кіріспек.

Жалпы, биыл Мамлют ауданында 130 мың гектардан астам жерге ырыс дәні сіңіріліп, 21 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілген.

Василий Лисичкин – Мамлют ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары.

-Биылғы егіннің шығымдылығы өткен жылғымен салыстырғанда жоғары болмақ. Қазірдің өзінде гектарынан орташа алғанда 14,5 центнерден айналуда. Ағымдағы жылы аудан бойынша орақ науқанына қажетті 50-ге жуық жаңа техника алынды. Олардың ішінде 6 комбаин, 5 трактор және 2 кептіргіш қондырғы бар.

Мамлют ауданында бүгіндері 56 серіктестік пен 193 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

 

 

Магжан Ахмадина.