Қоғам

Петропавлдағы оқу ошақтарында патриотизм сабақтары өткізілді

Ербол Отарбаев, ІІІ дәрежелі “Айбын” орденінің иегері, ҚР ҰҰ әскери институтының курсанты

– Алдыңғы жылдан бері көптеген мектептерді араладық. “Дін және патриотизм” тақырыбындағы шарада бейбіт заманда ерліктерімен танылып жүрген жастарды оларға үлгі етіп, дәріптеп жүрміз. Осы жастар алда елдің ертеңін ойлайтын батыр ұландар болса екен деймін.

Ербол Отарбаев баланың бойындағы ұлтжандылық сезімін тәрбиелеу ісімен оқу ошақтары ғана емес, ата-аналар да айналысуы тиіс дейді.

Ербол Отарбаев, ІІІ дәрежелі “Айбын” орденінің иегері, ҚР ҰҰ әскери институтының курсанты

– Біз осы бастан балаларға Отан – оттан да ыстық екендігін айтып ұғындыра алсақ, олар ертең елінің қамын ойлайтын азамат болып өседі.

2010 жылы 22 маусымда қылмыскерлер тобының жолын кескен кезде Ербол Отарбаев қатардағы жауынгер болатын. Оның бұл батылдығы бірден бүкіл елге тарады. Қазірде Ербол Отарбаевты сарбаздар, оқушылар үлкен құрметпен қарсы алып, сол кездегі ұмытылмас оқиғаны ұйып тыңдады.

Әділхан Тілеубай, Өнер колледжінің оқушысы

– Шара ұнады. Мұнда сарбаздардың ерлігі жайлы көптеген бейне роликтер көрсетілді. Онда Қазақстанның азаматтары кез келген жерде ерліктерін көрсетіп жатыр. Мен де алда олар сияқты өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырысамын.

Бейбіт заманның батыры Ербол Отарбаев сәтін салса, келесі жылы сардар шенін тағып, бүтіндей бір взводтты басқарады. Ол алдағы уақытта да жастар арасында ұлтжандылық сезімін дамытуға аянбай үлес қосамын дейді.

Берик Касен.