Қоғам

Өңірімізде дүниеге келген украиналық босқынның баласына қазақстандық туу туралы куәлік берілді

Анна Заикина- украиналық босқын

– Мен Украинаның Донбасс қаласынан келе жатқан болатынмын. Онда қазір тұру мүмкін емес. Күнделікті атыс, қақтығыстардан жалықтық. Отбасымыздың амандығына алаңдадық, оның үстіне тамақ, киім-кешек жоқ. Жұмыс істеу де мүмкін емес. Қазір туған- туысқандарымен байланыс үзілді. Бейбіт жұрт жай қырылып жатыр.

Анна мінген Адлер-Благовещенск бағытындағы поезд өңіріміз арқылы өтеді. 3 тәулік жүріп, өңірімізге жеткенде Анна Заикинаның толғағы қыса бастайды.

Анна Заикина- украиналық босқын

– Толғағым мерзімінен ертерек басталды. Сосын мені Петропавлға келгенде поездан түсіріп алып, бірден перинаталдық орталыққа жеткізді. Бұл жердің қызметкерлері маған ұнады. Өте жақсы қарсы алды.

Қазір Аннаның да, оның баласының да жағдайы жақсы.

Наталья Фомкина- Облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі

– Ұл бала туды. Салмағы 3 келі 450 грамм, бойы 54 см. Еш қиындық туындаған жоқ, қазір де жағдайы жақсы. Орталық мамандары оған қол ұшын беріп отырады.

Анна тұңғыш сәбиінің есімін Александр деп қойған. Бүгін олар ауруханадан шығарылады. Нәресте ел аумағында дүниеге келгендіктен, оған қазақстандық туу туралы куәлікті рәсімделген. Мұндай жағдай өңірімізде алғаш рет тіркеліп отыр.

Бүгін Анна Заикина Ресейге аттанады. Оны Благовещенскіге жергілікті шекарашылар шығарып салмақ.

Олжас Балықов- ҚР ҰҚК шекара қызметі 2032 әскери бөлімінің әкімшілік- құқықтық жұмыс жөніндегі офицері

– Адлер-Благовещенск бағытындағы поезді тексеру барысында украиналық азаматшаның толғағы қыса бастады. Сосын Петропавлға келгенде біз оны поездан түсіріп, перинаталдық орталыққа жеткіздік. Кейін оның құжаттарын реттеп, балаға туу туралы куәлік жасадық. Поезға билет те дайын.

Облыстық «Қызыл ай» қоғамының өкілдері жас ананы бала күтіміне қажетті заттар және азық-түлікпен қамтамасыз етіпті. Енді 2,5 күннен кейін Анна Заикина мен оның тұңғышы отбасымен қайта қауышатын болады.

 

Магжан Ахмадина.