Спорт

Жерлес гимнаст халықаралық жарыстан жүлделі оралды

Мария Небывайлова – Дарья Медведеваның алғашқы жаттықтырушысы

– Мен жасөспірімдер арасында өткен 2-ші олимпиада ойындарының қола жүлдегерін тағатсыздана күтудемін. Менен тәлім алған шәкірт қола жүлдеге ие болып отыр. Әрине, мен оның жетістіктерін мақтан етемін.

Міне көп ұзамай, перронға Алматы-Петропавл бағытындағы пойыз келіп тоқтады. Жиналғандар жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарының жүлдегерін бірден жан-жағынан қоршап алып, толағай табысына қуаныштарын білдіріп жатыр. Дарья Медведева бұл қола алқа – үздіксіз дайындықтардың нәтижесі, – деп отыр.

Дарья Медведева – жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарының қола жүлдегері

– Қола жүлдегер атанып отырғаным, ең біріншіден бапкерлерімнің арқасы деп есептеймін. Жарыста жеңімпаз атану біздің командамыз үшін оңайға соқпады. Ақтық сында жеңіске жету жолында бар өнерімізді көрсеттік. Онда Өзбекстан мемлекетінің гимнасттарымен бақ таластырдық. Бірақ біз еш қобалжымастан, топтық жаттығуымызды ойдағыдай орындап шықтық.

Жас дарынның қазіргі бапкері Людмила Ленцикова 87 мемлекеттің өкілдері қатысқан жарыста солтүстікқазақстандық спортшының жүлделі 3-ші орынға ие болуы үлкен жетістік екенін айтады.

Людмила Ленцикова – СҚО көркем гимнастикадан жаттықтырушы

– Қазақстандық көркем гимнастшылар құрамасы топтық жарыста өнер көрсеткен 6 команданың арасынан озып шығып, үшінші орынға қол жеткізді. Бұл үлкен көрсеткіш. Дарья еліміздің құрамасына ену жолында біраз тер төкті. Олар бұған дейін Азия ойындарында да сәтті өнер көрсетті. Кейін осы жарысқа жолдама алып, міне еліміздің атын шығарып отыр.

15 жасар спортшының көркем гинастикамен айналысып жүгеніне 10 жылдың жүзі болыпты. Жасөспірім қола жүлдемен тоқтап қалмақ емес. Келер жарыстарда да еліміздің көк туын желбірететініне сенімді.

 

Бакыт Садуакасов.