Қоғам

Қызылжар ауданының Водопроводное селосында мәдени-демалыс орталығы ашылды

Ата заң күні мерекесінде ашылған мәдени демалыс орталығына облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев кітапханаға “Қазақтың батырлық жырлары” атты жинақ пен тағы бір бума кітаптарды табыс етті.

Рүстем Елубаев, СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысы

– Орталықтың ашылуы Конституция күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан да мен сіздерді қос мерекемен құттықтаймын.

Жалпы, мұндағы кітапханада 2 мыңнан астам кітап бар. Конституция күнінде ашылғандықтан, мерекеге орай нысанда алғашқы көрме де ұйымдастырылды. Мәдени демалыс орталығының ашылуын мұндағы тұрғындар асыға күттік дейді.

Мақтай Арықов, Водопроводное орта мектебінің директоры

– Шағын орталық пен мәдени демалыс орталығы жастардың игілігіне ашылып отыр. Алдағы уақытта олар уақыттарын тиімді өткізетін болады.

Алдағы уақытта орталықта арнайы үйірмелер де жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Әзірге нысанның ашылуына жиналған халықты “Мерей” шағын-орталығының тәрбиеленушілері өз өнерлерімен тәнтті етті.

Шағын орталық та “Есіл су” филиалының мұрындық болуымен ашылып отыр. 20 балаға шақталған. Мектептегі тозығы жетіп, бос жатқан кабинеттер қалпына келтіріліп, шағын орталық қолданысқа берілді. Мұнда жатын орын, жуынатын бөлме, шағын тамақ ішетін және ойнайтын бөлме де бар.

Серік Ысмайылов, “Есіл су” РМК филиалының директоры

– Қаладан келіп жұмыс істейтін жас отбасылар үшін тұрғылықты жері жоқ болды. Міне осы мәселені шешу мақсатында өз тарапымыздан көмектесіп отырмыз.

Ал екінші қабатта шағын мұрағат орналасқан. Мұнда оқушылардың еңбек сабағында істеген бұйымдары жайғастырылыпты.
Сонымен қатар “Есіл судың” қызметкерлері осындағы тағы бір ғимаратты қалыпқа келтіріп, онда қаладан ауылға келіп жұмыс істейтін еңбеккерлер үшін жатақхана жасақтаған.

Қымбат Қалитова, ауыл тұрғыны

– Қызым мен күйеуім осында жұмыс істеп жатыр. Бізге үй берді. Өте қуаныштымын.

Алдағы уақытта жас отбасыларына арналып тағы 10 баспана қалыпқа келітірілмек.

Ахметова Бану