Билік

Қазақстан мен Польша Республикасы арасындағы экономикалық байланыс жыл санап нығаюда

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– 2013 жылы біздің облыс пен аталмыш мемлекет арасындағы тауар айналымы 15,2 млн. АҚШ долларын құраса, биыл бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін. Себебі үстіміздегі жылдың 6 айында Польша мен СҚО-сы арасындағы алыс-беріс 9,4 млн. долларды құрап отыр. Оның 5 млн. доллары экспортқа, қалған бөлігі импортқа тиесілі. Біздің өңір Польшадан негізінен, техника саймандарын, электр жабдықтарын, алма мен алмұрт сынды жемістерді тасымалдайды. Ал біз оларды жылда зығыр, рапс, күнбағыс сынды майлы дақылдардың тұқымдары, өсімдіктерге себілетін дәрілік заттармен қамтамасыз етеміз.

Біздің ел бойынша поляк ұлтының көп бөлігі, солтүстік өңірде тұрады. Қазір олардың саны 13 мыңға жуықтаған. Сол себепті шет мемлекеттің өкілдері экономикалық байланысты нақ біздің өңірмен дамытқылары келетіндерін жасырмады.

Яцек Ключковский, Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілеті елшісі

– Сіздің елдің көшбасшысы өте көреген адам. Оның сарабдал саясатының арқасында қазақтар өзге диаспора өкілдерімен бейбіт өмір сүріп жатыр. Байқаймын ел ішіндегі тыныштықтың арқасында сіздерге инвесторлар да көп келеді. Мен елші ретінде экономикалық байланысты нығайту жөнінде келіссөздер жүргізу үшін солтүстік өңірге 2-ші рет келіп тұрмын. Осыған дейін Тайынша ауданында тұратын өз қандастарыммен кездестім. Онда поляктардың жақсы тұратынына көзіміз жетті.

Отырыс барысында мейман залда отырғандарды Польшаның экономикалық ахуалымен де таныстырды. Аталмыш елдің қазынасына инвесторлардан орташа есеппен алғанда жыл сайын 10 млн. евроның қаржысы аударылады. Олар қазір ішкі жалпы өнім бойынша батыс Еуропа елдерінің көрсеткішіне жақындаған.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– Қазақстанда қолайлы инвестициялық жағдай қалыптасқан. Біз шеттен келетін кез-келген кәсіпкерге қолдау көрсетуге даярмыз. Алдағы уақытта Польша Республикасымен экономикалық, мәдени, рухани әріптестігіміз жалғаса береді деп сенемін.

Отырыс соңында аймақ басшысы Еуропа тарапынан жарияланған санкциялар күшін жойса, Польша Республикасынан алдағы уақытта етті-сүтті бағыттағы семминтал тұқымды ірі қара сатып алу жоспарланғанын жеткізді.

 

Берик Касен.