Балалар

Отбасылық үлгідегі балалар ауылында 2 жаңа үй пайдалануға берілді

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев әлеуметтік саланың дамуына үнемі баса назар аударуда. Бүгін мемлекеттік мереке – Конституция күніне орай тағы бір мекеменің ашылуы – осының айғағы. Сіздерді облыс әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтановтың атынан Балалар ауылындағы үйлердің ашылу салтанатымен шын жүрегімнен құттықтаймын.

2 үйдің әрбіреуі 9 балаға арналған. Әрқайсысының аумағы 167 шаршы метрді құрайды. Астаналық “Контракт-Энерго А” ЖШС-гі демеушілік танытып, қос баспананы 3 аптаның ішінде салып берген. Материалдар жергілікті жерден. Онда енді Қызылжар ауданы Архангельское селосындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалар үйінен келген жасөпірімдер тұратын болады.

Любовь Тлеулинова – отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушісі

– Мен биыл 7-ші сыныпқа барамын. Сабағымды жақсы оқимын. Үйдің іші кең әрі жайлы екен. Маған өте ұнады. Осындай көңілден шығатын жерде тұрсам, сабағыма алаңдамаймын.

Сонымен мұнда 6 үй бар. 54 бала тәрбиеленеді. Балалар үйі 2001 жылы салынған. Содан бері 42 түлекті қанат қақтырған. Осы жерде тәрбиеленіп, 2006 жылы түлеп шыққан Қанат Атаманов бүгінде қаламы қарымды журналист.

Қанат Атаманов – “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінің аға тілшісі

– Үлкен өмірге қанат қағып шыққаннан кейін жұрт қатарлы білім алып, содан бері облыстық “Солтүстік Қазақстан газетінде”, облысымыздың қара шаңырағында табысты еңбек етіп келе жатырмын. Қарап отырсақ, 2006 жылдан бері түлеп ұшқаныма 8 жыл болып қалыпты. Бірақ та біз осы уақытта өзімізге асқар таудай әкеміз болған Арыстан Мырзахметұлын, анамыздай болған Айшат Жүнісқызын ешқашан ұмытпай, осы балалар ауылына ылғи да келіп, амандық-саулықтарын біліп, әр уақытта сәлеміміз түзу болып жүріп келді.

Бүгінде Қанаттың отбасы бар. Жары Әсел екеуі мемлекеттік қолдауымен баспанаға қол жеткізіп, 2 ұлын тәрбиелеуде.

Данаш Хамзина.