Құқық қорғау органдары

Облыс орталығында Жандос Ахметовтың өліміне қатысты сот тыңдалымы өтті

Нұрлан Шабдар, жәбірленуші

– Жәбірленуші Жандос Ахметов 2013 жылдың сәуір айында менің орынбасарым болып тағайындалды. Сол күннен бастап оған қара түсті “Тайото камри” маркалы қызметтік автокөлік берілді. Оған дейін бұл машинаны қызмет бабымен өзім пайдаланған болатынмын. Тергеу барысында қастандықтың маған жасалуы керек екенін білдім. Менің бар айтарым, қылмысқа қатысы бар кінәлілер тиісті жазаға тартылсын. Және мен олардан мұны неше үшін жасағандарын білгім келеді.

Кейін қала тұрғыны Асылбек Төлебековке бірнеше сұрақ қойылды. Ол Жандос Ахметовтың жеке жүргізушісі болған. Ол да оқиға болған күні күмән тудыратын ештеңені сезбедім дейді.

Асылбек Төлебеков, Жандос Ахметовтың бұрынғы жүргізушісі

– Мен Ахметовты күнде жұмысына жеткізіп, кешкісін балаларымен бірге үйіне апарып отыратынмын. Оқиға болатын күні мен әдеттегідей оларды үйінің маңынан түсіріп кеттім. 10 минуттан кейін маған үлкен ұлы қоңырау шалып, әкемді біреулер атып кетті деді. Мен олардың үйіне қайта оралған уақытта ол жерде жедел жәрдем қызметкерлері мен зайыбы тұрды. Жандос Ахметов ол кезде подъездің еденінде жаты.

Облыстық соттың мәліметі бойынша қаскөйлер қаржы полициясының басшысын бірнеше жылдан бері аңдып жүрген. Алдын-ала жоспар құрып, арнайы жендет жалдаған көрінеді. Алайда тапсырыс алған жендет облыстың бас қаржы полицейін өлтіруді өзге біреуге тапсырған. Дәл осы уақытта қаржы полициясының басшысы Нұрлан Шабдар демалысқа кетіп, орнына Жандос Ахметовті қалдырған. Сөйтіп, тапсырыс алған баскесерлер Ахметовті басшы деп ойлап, 2013 жылдың желтоқсан айында оны үйінің алдында атып кеткен. Күдікті ретінде қамауға алынған үш азаматтың біреуі қазақстандық, қалған екеуі Ресей азаматы.
Солтүстік Қазақстан облысы Қаржы полициясы басшысының орынбасары Жандос Ахметовтің өліміне қатысты іс қыркүйектің 19-ына дейін қаралады.

Берик Касен.