Билік

Биыл облыста 7 мың 500-ден астам бүлдіршін 1-сыныпқа барды

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– Елбасы Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – білім саласын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Елімізде білімді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Жыл сайын қаржыландыру мөлшері ұлғайып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығаюда.

Оқу ордасына кейбірі тарыдай болып кіріп жатса, енді біреулері орта білім алып, таудай болып шыққалы жатыр. Жаңа өмірге қадам басқалы тұрған 11-сынып оқушылары қазірден алдағы жауапты сынға дайындалуда.

Айгүл Қазбекова, № 7 орта мектептің 11-сынып оқушысы

– Бұл соңғы оқу жылымыз, сондықтан бар күш-жігерімізді жинап, ҰБТ сүрінбей өтуге бағыттауымыз қажет. Келешекте балалар дәрігері мамандығын игергім келеді.

Өткен жылы бұл білім ошағынан 63 түлек қанат қақты. Оның 14-і ҰБТ-ді сәтті тапсырып, мемлекеттік білім беру гранттарына ие болды. Ұстаздар қауымы мұнымен тоқмейілсімей, білім берудің сапасын одан ары жоғарылатуға тырысамыз дейді.

Гүлнар Таласбаева, № 7 орта мектебінің директоры

– 2011-2020 білім беру бағдарламасына сәйкес мектеп алды даярлық тобымызда 4 сынып ашылды. Оның 2-уі қазақ, 2-уі орыс тілінде. Осылайша біз елбасы Жолдауында жүктеген тапсырмаларды біртіндеп жүзеге асырудамыз.

Шәкірттер болса, Қазақстанның нағыз азаматы болу үшін жақсы оқимыз деп серт етті.

Тілдері былдырлаған балғындардың қуанышына ортақтасуға аналары мен ата-әжелері келіпті. Олар бүгін ұстаздар қауымына жемісті еңбек ал балаларына оқуда сәттілік тіледі.

Көкеш Сәрсекеева, оқушының нағашы жұрты

– Білім күнімен ең бірінші мұғалімдерді құттықтаймын. Себебі олар балаларды тәрбиелейді, білім нәрімен сусындырады. Бүгін мен үшін ұмытылмайтын күн. Өйткені 10 жыл күткен жиенім міне 7 жасқа толып, мектеп табалдырығын аттап жатыр.

Аида Сұпатаева, оқушының анасы

– Әрине, толқыған өте қуанышты күн. Баламның болашағынан зор үміт күтемін. 11 жылдан кейін балам ақылды, білімді, жан-жақты тұлға болып шығады деген үміттемін.

Міне, көптен күткен бірінші қоңыраудың сыңғырлаған дауысын еститін сәт те келіп жетті.

Салтанатты жиыннан кейін өңір жетекшісі мектептің кабинеттерін аралады. Білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы мығым. Е-лёнинг электрондық оқыту жүйесі бар мұнда. Өткен жылы олар ел қаражаты есебінен жалпы құны 13 млн. теңгенің 79 компьютерін сатып алған.

Берик Касен.