Ауыл шаруашылығы

Қалада кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті

Науқан Таласбаев, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары

– Жәрмеңкеге Шал ақын ауданынан 1 млн. 700 мың теңгенің өнімін әкелдік. Оның ішінде 4 қара мал, 10 қой, 4 шошқа және ауыл жұмыртқасын, картобын, ормжапырағын молынан әкелдік. Ауыл тұрғындары өз өнімдерін ауданан тыс жерге шығаруға бұл бір үлкен қолайлы жағдай. Өнімдер өтіп жатыр, халық риза.

Дүкендерде сұйық майдың литрі 300-400 теңгеден болса, мұнда тұрақтандыру қорынан 245 теңгеден сатылды. Картоптың келісі 45-50 теңгеден асқан жоқ. Оңтүстіктен жеткізілген бақша дақылдары да лезде тарап кетті.
Төрт сауда шатырында омарташылардың бал өнімі жайылды. Түрлі дертке шипа, дәруменге толы табиғи таза өнім 800-1000 теңгеден саудаланды. Қала тұрғыны Алтын Сейітова жәрмеңкеге жиі келеді екен. Өткен аптада бал алса, осы жолы жеміс ағашын сатып алды.

Алтын Сейітова 

– Мен осы алма ағашын ендігі жылы жемісін береді ғой деп, арнайы сатып алдым. Бүгін соны еліміз, жеріміз көркейсін деген тілекпен отырғызбақшымын.

Жәрмеңкеде азық-түлік алып жүрген халықтың санында есеп жоқ. Кейбіреуі, тіпті қалаға жақын ауылдардан келген. Ең бастысы, мұндағы бағаға да, сапаға да барлығының көңілі толды.
Конституция күніне орайластырылған кезекті жәрмеңкеде 8 ауданнан 80 аталым бойынша жалпы 52 миллион теңгенің өнімі ұсынылды.

Еркебұлан Кәменов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы

– Жәрмеңкеге 10 тоннадан астам ет және ет өнімдері жеткізілді. “Приишимская” құс фабрикасы үйректер әкелді. “Зенченко және К” командиттік серіктестігі мен “Наурыз – 2030” кәсіпорны көкөністерді молынан жеткізді.

Бұл күні аспан шайдай ашық болды. Жәрмеңкеден керегін тапқан тұрғындардың да көңілдері шат, жүздері жадыраңқы. Бір сөзбен айтқанда, алаңның әр түкпірінен мерекелік көңіл-күйдің лебі сезіліп тұрды. Осы жерде құрылған сахнада жергілікті өнер ұжымдары халыққа әннен шашу шашты.

Берик Касен.