Қоғам

Құтқарушылар рейдтік шаралар жүргізуде

Жалпы ағымдағы жылы қала аумағында 166 өрт орын алып, 26 миллион теңгенің материалдық шығыны келтірілген. Салдарынан 13 адам көз жұмды, оның ішінде 2-уі бала. Өртке қарсы қызмет мамандары от шығу фактілерінің өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқанын айтуда. Бұл – үй иелерінің қарапайым ережелерді сақтамауының салдары.

Болат Құсайынов – Петропавл қаласы ТЖБ бас маманы, өрт сөндіру қызметінің капитаны.

-166 апаттың 54-і тұрғындардың немқұрайлығының кесірінен иорын алып отыр. Одан келген шығын көлемі – 5 миллион теңгеден асады. Бұған қоса темекінің сөндірілмеуінен де үй отқа оранып, абайсызда 2 адам көз жұмды. Ал электр сымдарының қысқа тұйықталуынан 23 өрт тіркеліп, 3 миллион теңгенің шығыны келді. Біздің мамандар жеке тұрғын үй секторларында өртке қарсы түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп тұрады. Өйткені, көп жағдайда осы жер үйлерде апаттар жиі орын алуда.

Ал Есіл өзенінде шомылатын қалалықтардың өмірін сақтап қалу – суда құтқарушылардың басты міндеті. Қызметкерлер әсіресе, балықшылар суда қайықпен жүзу талаптарын сақтамайды дейді. Судағы қайғылы жағдайлардың біразы да осыларға тиесілі. Григорий есімді мына жігіт қолы бос кезінде балық аулауды ермек етеді. Ол әр жолы қайығының жағдайын тексеріп барып қана, өзенге шығады екен.

Григорий Ермаков – қала тұрғыны.

-Мүмкіндігінше жағалаудан алыс кетпеуге тырысамын. Тұрғындарға алкоголь қабылдап, суға түспеуін сұраймын. Мұндай рейдттердің жиі өткізілетіні қуантады.

Жыл басынан бері суда 32 солтүстікқазақстандық қаза тапқан, суда ажал құшқандардың арасында 2 бала бар. Ал құтқарушылардың дер кезінде әрекет етуінің нәтижесінде 118 адам өлімнен аман қалды.

Муршида Обознова – СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің құтқарушы медбикесі.

-Біз судағы рейдттік шаралар кезінде үнемі тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптарын айтып отырамыз. Өйткені оларды бірі білсе, екіншілері бірі біле бермейді. Біле тұра спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, өзінің шебер жүзуші екендігін көрсететіндер де бар. Алайда көп жағдайда бұндай оқиғалардың соңы соқпақты болып жатады. Ата-аналар балаларды суға шомылғанда назардан тыс қалдырмаулары тиіс.

Ауа райы салқындағандықтан, қазір суға шомылушылардың саны азайды. Сондықтан, ендігі кезекте, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрттердің алдын-алуға басымдық бермекші. Осы орайда, 1-ші қыркүйектен бастап өртке қарсы ережелерді сақтауға байланысты айлық өткізу жоспарланған.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.