Билік

Облыс әкімі майдангер Миннигүл Кряжевскихті Ата заң күнімен құттықтады

Миннигуль Кряжевских – ҰОС ардагері.

-Бақшамен 40 жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін. Жерді жақсы көремін. Бақшада көкөніс егемін. Күзде өнімді жинап, консервілеймін.

Кейуана Кеңес әскерінің қатарына 1941 жылы өз еркімен жазылған болатын. Барлау кезінде жас радист 11 жау солдатының көзін жойған. Асқан батылдық танытқан ол “Ерлік үшін” медалімен марапатталды. Ал Жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алыпты.

Миннигуль Кряжевских – ҰОС ардагері.

-Жеңіске жеткінімізде сондай бір қуаныш болды. Барлығы қуаныштан көз жасын төкті, бас киімдерін лақтырды, аспанға от жаудырды.

Конституция күні қарсаңында ардагердің хал-жағдайын білуге аймақ басшысы Ерік Сұлтанов келді. Құрметті қонақты Ұлы Отан соғысының ардагері қуанышпен қарсы алуда. Гүл шоғы мен шаңсорғышты сыйлаған өңір басшысына осындай қамқорлығы үшін өз алғысын білдірді.

Миннигуль Кряжевских – ҰОС ардагері.

-Сіздің жұмыстан қолыңыз босамайтынын білем. Қазір егін жинау науқаны басталды. Маған уақыт бөліп келгеніңізге рахмет.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз кезегінде қарияға өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Жақында Жеңіс саябағын абаттандыруды жоспарланғандарын да жеткізді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі.

-Жаңа аллея пайда болады. Сондай-ақ, батырлардың есімдері жазылған ескерткіш орнатуды жоспарлаудамыз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай келесі жылы саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінгі күні облыстағы барлық күш егін жинауға жұмылдырылған. Ауа райы қолайлы болса, биылғы өнім берекелі болмақ. Аймақ басшысы Миннигуль Хасановнаға хал-жағдайын білуге әлі талай келетінін айтты. Зейнеткер өзін бақытты сезінеді. Бүгінде кейуананың үш қызы, бес немересі мен төрт шөбересі бар.

 

 

Риат Шони.