Қоғам

Контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға тосқауыл қою

Ержан Қарпықов,ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитетінің сарапшысы.

-Үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде әділет органдары зияткерлік меншік құқығын пайдаланатын субъектілерге қатысты 136 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 85 құқық бұзушылыққа қатысты 221 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 14 мыңнан астам контрафактілік тауардың заңсыз айналымда жүргендігі анықталды. Оның жалпы сомасы 7 млн. теңгені құрайды. Осыған байланысты қозғалған істің 200-і сот қарауына жіберілді. Оған қоса 1-ші жарты жылдықта заңсыз саудаланған 27 600-ге жуық контрафактілік тауар тәркіленді. Оған қатысты келтірілген шығынның жалпы сомасы 13 млн. теңгені құрайды.

Сондықтан құқық қорғау органдарының мамандары өнер, ғылым, әдебиет шығармаларын коммерциялық негізде пайдаланатын тұлғалардың әлі де болса құқықтық сауаттылығын арттыра түсу қажет дейді.

Ернар Сейдімбеков, СҚО Әділет департаментінің басшысы.

-Біз қазіргі уақытта зияткерлік меншік құқығын қорғау жолында тұрған қиындықтарды анықтап, өзара ақпарат және тәжірибе алмасудамыз.

Республикалық семинар “Контрафактілік өнімнің таралуына қарсы күрес: оның тәжірибесі мен болашағы” тақырыбы шеңберінде өрбіді. Бас қосуда ҚР Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің өкілдері аумақтық әділет, құқық қорғау органдары мен кеден қызметкерлерінің басын біріктіріп, контрафактілік өнімнің елі аумағында көптеп таралуына тосқауыл болу үшін жүйелі әрі бірлескен жұмыстар жүргізілу қажетігін айтты.

Бекет Әліғожин, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары.

-Кейбір соттар қылмыс істеген азаматты көп жағдайда жауапкершілікке тартпай, оны босатып жібереді. Біз енді ай сайын семинарлар өткізіп, осы сынды мәселені бір жақты ету керекпіз.

Мамандардың айтуынша, заңсыз тауарларды таратуға байланысты құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін оған кәсіпкерлер мен тұрғындар белсенді ат салысуы қажет. Сонда ғана әр аймақта зияткерлік меншік құқығын қорғауға қатысты ережелерді қолдану дағдысы қалыптасады деген ниетте отырысқа қатысушылар.

 

 

Берик Касен.