Қоғам

Украиналық босқынға көмек көрсетілді

Светлана Резвинская – украиналық босқын.

-Соңына дейін шыдауға тырыстым. Бірақ, сондағы жағдайдың салдарынан туған жерімнен кетуіме тура келді. Украинада біздің үйіміз қалды, өзімнің тұрақты жұмысым да болды. Барлығына көз жұмып, балаларымды алып осында келдім. Қазіргі уақытта пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Уақытша болса да жұмысқа орналасайын деп етім, бұл талпынысым ойдағыдай болмады. Кіші баламды балабақшаға берейін десем, ол да ақылы. Қайырымды жандар қол ұшын берсе, біз үшін зор көмек болар еді.

Светлананың ортаншы баласы Максим биыл 3-ші сыныпқа барады. Ол баласының құжаттарын мектепке тапсырып та қойған. Тек оқу құралдары мен киім-кешек жетіспеген екен. Бірақ, жергілікті банктердің бірі отбасыға оқуға жиналуға көмектесіпті. Кішкентай Максим қатарластарынан қалмай мектепке баратынына қуанышты.

Максим Резвинский – Светлана Резвинскаяның баласы.

-Маған мектепке қажетті кеңсе тауарларын сыйлағандарына алғысымды білдіремін. Банк қызметкерлері сондай-ақ, жаңа костюм-шалбар сатып әперді. Оқуға баруға қиын соғатын шығар деп ойлап едім. Енді, мен мектепке толығымен дайынмын. Сабағымды жақсы оқуға тырысамын.

Екінші деңгейлі банк өкілдері Резвинскийлер отбасына “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында көмек берген.

Ирина Чубова – “Хоум Кредит Банк” АҚ Петропавл қаласы бойынша филиалының директоры.

-Біздің банкке қалалық әкімдік тарапынан украиналық азаматшаға қолдау көрсету туралы сұрау түскеннен кейін, аталған жанұяның қиын жағдайда екендігін түсініп, бірден қол ұшын беруге шешім қабылдадық.

Светлана Резвинская Қазақстанды Украинадағы жағдай тұрақтағанша паналамақ. Қазір ол елде оның жұбайы мен тағы екі баласы қалған.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.