Қоғам

“Солнечный” поселкесінің тұрғындары орталық жылу жүйесіне қосыла алмай жүр

Валентина Трапезникова, Солнечный поселкесінің тұрғыны

– 2012 жылы Солнечный поселкесінің 30 тұрғыны жылуға қосылу үшін қаншама құжат жинастырдық. Үйдің жер төлесіне құбырлар тартып, жылу есептегіш құралдарын орнатты. Осының бәріне мен шамамен 3 жарым мың АҚШ долларын кетірдім. Алайда үш жыл болды жылуды әлі ала алмай отырмыз. Өйткені, орталық желіге қосылу үшін адам саны жетпейді.

Осылайша келіспей пішкен тон келте болды. “Петропавл Жылу Жүйелері” серіктестігі “Солнечный” ықшам ауданына орталықтандырылған жылу трассасын 2011 жылы тартқанда оған жалғанатын тұтынушылардың санын алдын ала біліп алмады. Салдарынан үш жылдан бері 2 тарап ортақ мәмілеге келе алмай жүр. Бұл дауға қала әкімдігі араласты.

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары

– Жылу берушілер осы жазда жылу трассасын 9 атмосфералық қысыммен 3 мәрте сынап көрді. Құбырлар қатты қысымға шыдамай 4 жерден ақау шықты. Алайда ол тіпті 16 атмосфералық қысымға шыдас беруі қажет еді. Мамандар қазір ақауды жөндеп жатыр. Кейін жылу трассасын қайта сынақтан өткізеді. Ол дайын болысымен біз құбырды тұрғын үй коммунладық шаруашылығы бөлімінің қарамағына тапсырамыз. Ал сіздер әзірге

үйлеріңіздің маңайындағы құдықтан баспана ішіне құбырлар тарта беріңіздер.

Негізі әр баспананың иесі жылу құбырын өз қаражатына тартып алу қажет. Бұл тармақ заңда көрсетілген. Ол жұмыстарға шамамен шамамен 500 мың теңге жұмсауға тура келеді.

Александр Захарьян, «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС бас инженері

– Солнечный кентіне тартылған трасса жоба бойынша 500 тұтынушыға шақталған. Десе де оған қосылу үшін кемінде 100-ге тарта адам өтініш беруі қажет. Өйтпеген жағдайда мұнда келетін жылудың бәрі ай далаға кетеді, әрі жылу тарататын компания мол шығынға батады. Ал тұрғындар ол шығынды өз қалталарынан төлемейтіні анық.

Жиын соңында 3 тарап бастамашыл топ құру жайында ортақ шешім шығарды. Олар көше бойы жүріп, желіге қосылғысы келетін азаматтардың тізімін жинайды. Оның саны кемінде 100-ге жетуі керек. Олай болмаған жағдайда солнечный кентінің тұрғындарының биыл да жылудан қағылатын түрі бар.

Берик Касен.