Қоғам

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі

Эльмира Каипова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы

– Мұндай шара ай сайын өтеді. Қазіргі кезде техникалық мамандықтар сұранысқа ие. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беретін мекемелерге тәрбиешілер қажет. Негізі мұндай шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – жұмыссыз жүрген жандарды еңбекпен қамту.

Құрылыспен айналысатын “Балпанова” жеке кәсіпкерлігі де бүгін осы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуда. Олар мұнда екі қолға бір күрек іздеп келгендерге бірнеше қызмет түрін ұсынды. Орташа жалақы да 100 мың теңгені құрайды екен.

Дамир Жанов, “Балпанова” ЖК кадрлық жұмыс бойынша бөлім басшысы

– Бізге кірпіш қалаушы, кесушілер, қаңылтыршы, әрлеушілер қажет. Петропавлда және қаладан шалғай жерлерде де еңбектенуге болады. Әзірге 3 адам бізге жүгінді. Оларға қояр талабымыз еңбек өтілі болып, өз қызметтеріне жауапты болуы керек.

Жұмыс іздегендердің көпшілігі өз мамандықтары бойынша екі қолға бір күрек тапқысы келеді. Солардың арасында Татьяна Кудряшова да бар. Педагог бұрын биология пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен.

Татьяна Кудряшова, жұмыс іздеуші

 

– Менің көп таныстарым осы жәрмеңкелердің көмегімен өздеріне жұмыс тауып жатыр. Сондықтан да менде бүгінгі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келдім. Биология пәнінің оқытушысын іздегендер бар екен. Сол жұмысқа тұрсам деймін.

Ағымдағы жылы ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің қорытындысы бойынша 370-ге жуық жерлесіміз тұрақты еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, осы шараларда тағы 80 мүмкіндігі шектеулі жан екі қолға бір күрек тауыпты.

Сагыныш Маркашева.